«АЙГӨЛЕК» АНСАМБЛІНЕ – 80 ЖЫЛ
Шымкентте балалар би өнерінің қарашаңырағына айналған «Айгөлек» ансамблі 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Сегіз онжылдықта талай буын бишіні тәрбиелеген ұжым қазақ би өнерінің дамуына өзіндік үлес қосты. Мерейтойлық кеште ансамбльдің бай тарихы ұлықталып, сахнада мерекелік бағдарлама ұсынылды.
Салтанатты кештің шымылдығын Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашты. Құттықтау сөзінде ол ансамбльдің мәдениет саласындағы айрықша орнын атап өтті. Ал кештің құрметті қонағы, Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешова 80 жылдық мерейтойды күллі халықтың қуанышына балап, ақжарма тілегін жеткізді.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қаншама мыңдаған таланттар осы Айгөлек би-ансамбльінен өтті. Әрине, бұл жерде біз тарихқа мән беруіміз керек. 20 ғасырдың басында өздеріңіз білесіздер қазақ қоғамы бір формациядан екінші формацияға өтті. Өткеннің бәрін тәрк еткізді, кеңес үкіметі. Жоққа шығарды. Әрбірден соң, молдамен байларды қойдай қу қамшымен деген заман болды. Сол кезде ұлттық дәстүр де, салт та, ғұрып та ешкімге қажеті жоқ еді.
Мерекелік бағдарламада ансамбльдің бүгінгі бишілерімен бірге өзге де өнер ұжымдары мен жас әртістер өнер көрсетті. Солардың бірі - актриса Балнұр Мәдіхан. Ол сахналық қойылымға дайындық бірнеше күнге созылғанын, әр қатысушыдан үлкен жауапкершілік талап етілгенін айтады.
БАЛНҰР МӘДІХАН, АКТРИСА
Қазір ғана выступлениеден шықтық андай болып тұр, ішімізде қобалжу болып тұр. Себебі, қанша күн, ай бойы дайындалдық та осы нәрсеге. Біз кешеден бері осы түнге қарай қалып, азаннан кешке дейін жүріп, дайындалып жатырмыз. Негізі, биші қыздарды бәрін кешеден бері танысып жатырмыз, бәрі өте күшті. Айгөлек бидің ансамбльдің жалпы бізе ұнады.
Сахнадағы өнер көрерменнің де көңілінен шықты. Әсіресе, бүлдіршін бишілердің өнері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Кеш қонақтары «Айгөлек» ансамблінің талай жылдан бері жас таланттардың талабын ұштап келе жатқанын ерекше атап өтті.
ГҮЛЖАН МАҚҰЛБЕКҚЫЗЫ, КӨРЕРМЕН
Өте керемет өтті, қыздар сөзім жоқ. Мына біздің кішкентай биші қыздарымыз мына концертті әдемілеп бастап берді. Айгөлек балалар би ансамбльі бұны танымайтын халық жоқ. Жалпы біздің қыздарымызды биге икемдеп, биге өздерінің шабыттарын арттыратын сондай би топтарының бірі.
Сексен жыл – бір ұжымның ғана емес, бірнеше буынның ортақ тарихы. Осы уақыт ішінде «Айгөлек» талай таланттың өнерге жолын ашып, ұлттық би өнерінің өрісін кеңейтті. Бүгінде ансамбль сахнадағы дәстүрін жалғап, жас ұрпаққа өнердің өнегесін көрсетіп келеді.