«ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ОТБАСЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АКЦИЯСЫ
Отбасындағы тыныштық пен қауіпсіздік – қоғам тұрақтылығының негізі. Бүгін, 25 қарашада, «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» халықаралық акциясы басталды. Шымкентте науқанның алғашқы күні жастармен кездесу ұйымдастырылды. Жиында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды сақтау және қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау мәселелері көтерілді.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілген. Қазір өңірлерде отбасыны қолдау орталықтары, балалар мен адам құқықтарын қорғау институттары жұмыс істейді. Биыл Қазақстан бойынша 160 отбасыны қолдау орталығы ашылған. Мұнда қиын жағдайға тап болған азаматтарға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетіледі. Қажет болған жағдайда жоғалған құжаттарын қалпына келтіруге де жәрдемдеседі. Сонымен қатар әйелдердің экономикалық дербестігін арттыруға басымдық берілген. Олар шағын грант алып, жеке кәсібін ашуға мүмкіндік алады.
БАЯН ЖАНДОСОВА, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Отбасының берекеті кетпеу керек. Отбасындағы тұрақтылықтың маңызды шарттарының бірі – материалдық жағдай мен өзара түсіністік. Сондықтан мұндай қолдау шаралары зорлық-зомбылық көрген әйелдердің ғана емес, тұтас отбасының қалыпқа келуіне ықпал етеді.