ҚОЛӨНЕРШІЛЕРГЕ ОНЛАЙН МҮМКІНДІК
Ұлттық қолөнер мен цифрлық технология тоғысты. Шымкентте шеберлердің өнімін онлайн таныстырып, саудаға шығаруға мүмкіндік беретін «Sheber» платформасы іске қосылмақ. Жаңа жоба отандық қолөнерді кеңінен насихаттап, шеберлердің нарықтағы мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Толығырақ тілшіміз тарқатады.
СҰЛУХАН АБДУЛЛА, ТІЛШІ
«Шебердің қолы – ортақ қазына». Енді осы қазынаны цифрлық кеңістік арқылы көпшілікке таныстыруға мүмкіндік бар. Шымкентте «Sheber» платформасы таныстырылып, оның жұмыс істеу тәртібі түсіндірілуде. Жаңа алаң қолөнершілер мен тұтынушылар арасындағы байланысты жеңілдетіп, ұлттық бұйымдардың саудасын жаңа деңгейге шығаруды көздейді.
Жаңа платформаға зергерлер, суретшілер және түрлі бағыттағы қолөнер шеберлері қызығушылық танытты. Таныстырылым барысында қатысушыларға жүйеге тіркелу, өнім орналастыру және платформаны пайдалану жолдары көрсетілді. Кәсіпкерлер палатасының өкілдері де шеберлердің сауалдарына жауап беріп, тіркелуге көмектесті.
ЖАННА ЕЛТАНҚЫЗЫ, КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ
Бүгін креатив хабта креативная индустрия шеберлерді жинап, зергерлерді, суретшілерді, бәрін жинап Шебер платформаны презентация жасап жатырмыз. Соған арнайы ЭГГП Атамекеннен өкілін шақырып, сол презентацияның сұрақтары болса, регистрация қалай жасауды болса, сол Атамекен өкілдері таныстырып, сұрақтарға жауап беріп немесе регистрация жасап береді.
«Sheber» платформасының басты артықшылығы – Қазақстанның кез келген өңіріндегі қолөнерші үшін тіркелу тегін. Әр шебер өз бұйымының суретін, сипаттамасы мен бағасын орналастыра алады. Ал тапсырыс беруші өнімді тікелей сатып алып, жеткізуді «Қазпошта» арқылы рәсімдейді.
ДИАС МҰХТАРҰЛЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ШАҒЫН КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Бұл маркетплейс бүкіл қолөнершілер Қазақстан бойынша бір программада, маркетплейста өз өнімдерін сатуға көмектеседі. Бұл маркетплейске тіркелу барлығы тегін. Шебершілер өз өнімін салып суретімен, бағасымен тікелей сатылған кезде казпочта арқылы логистика жасалынады.
Осылайша, шеберлердің бұйымдары енді жергілікті нарықпен шектелмейді. Цифрлық сауда алаңы арқылы өнімді еліміздің кез келген өңіріне ұсынуға болады. Бұл отандық қолөнердің танымалдығын арттырып қана қоймай, ұлттық өнерді кәсіпке айналдырған жандардың табыс көзін кеңейтуге мүмкіндік береді.