Негізгі Жаңалықтар ҚАЛАДА ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

ҚАЛАДА ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Қыс түссе, жер үйде тұратын жұрттың уайымы көбейеді. Биыл Шымкентте өрт оқиғалары едәуір азайғанымен, көгілдір отыннан улану дерегі күрт өсіп отыр. Өткен жылыту маусымында табиғи газдан уланғандар саны төрт есе артты. Көзге көрінбейтін қауіптің алдын алу үшін құтқарушылар қандай шараларды қолға алды? Тұрғындар нені ескеруі керек? Толығырақ келесі бейнематериалда


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Жылыту маусымындағы қауіпсіздік – қаладағы өзекті мәселенің бірі. Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, жүйелі жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде өткен маусымда өрт оқиғалары 30 пайызға азайып, 109-дан 73-ке дейін қысқарған. Тілсіз жаудан жарақат алғандар саны да 5,5 есе кеміп, 2 дерек тіркелді. Табиғи газдан уланғандар қатары 3-тен 12-ге жетіп, төрт есе өскен. Мамандар мұндай жайтқа қарапайым сақтық талаптарын елемеу себеп болатынын айтады.


ОЛЖАС ҚЫРЫҚБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Жылыту маусымының басынан бері қала аумағында 23 524 тұрғын үй араланып, 56 102 адам өрт және улы газбен уланудың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстарымен қамтылды. Шымкент қаласы әкімдігімен 2026-2027 жылғы жылыту маусымының жоспарына сәйкес Департаментпен  15 тамыз – 15 қыркүйек аралығында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» ауқымды жүргізіліп, 1 208 әлеуметтік осал отбасының үйлеріне өрттің алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілген.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Оқыс оқиғаларға жол бермеу үшін құтқарушылар жылыту маусымына дайындықты тамыз айынан бастап кетті. Маусым басталғалы 23 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, 56 мыңнан аса азаматқа түсіндіру жұмыстарын жүргізді.


ОЛЖАС ҚЫРЫҚБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Профилактикалық іс-шаралар барысында 159 газданғандықты анықтайтын құрылғы орнатылып, 75 тұрғын үйде мұржалар тазартылды.Бұқаралық ақпарат құралдарында 293 материал жарияланды. Шағын аудандар ішінде дауыс зорайтқыштар арқылы 370 рет үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылды.


 АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Жер үйлерде сақтық шаралары күшейтілсе, көпқабатты баспаналарды жылумен қамту жүйесі де биыл айтарлықтай жаңғырды. Маусым алдында «Қуатжылуорталық-3» мамандары қаладағы магистральдық желілерді жіті тексерді. Нәтижесінде әбден ескірген 18,6 шақырым жылу желісі жаңартылып, жөндеу жұмыстарына 1,5 миллиард теңге қаржы жұмсалды.


АЙБЕК ҚОЖАБЕКОВ, «ҚУАТЖЫЛУОРТАЛЫҚ-3» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРНЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ
 Биыл 18,6 км-ге 1 млрд 526 мың.Ол жұмыс тамыз, қыркүйекте өтті.Қаладағы ескі жылу жүйелерін жаңасына ауыстырдық. Қала бойынша дайындық жұмыстарының іс-шаралар жоспары, штаб құрамы жасалып, бекітілді. Іс-шара жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап магистралдық және ішкі орамдық жылу желілеріне гидравликалық қысымдау жұмыстары толық көлемде жүргізілді. Нәтижесінде 135 ақау анықталып, бүгінгі таңға барлық ақау ретке келтірілді.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Жауапты мекемелер қысқы маусымға техникалық тұрғыдан сақадай сай екенін айтады. Құбырлар жаңартылып, құтқарушылардың рейдтері күшейтілгенімен қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды.

Бөлісу