Негізгі Жаңалықтар ВИЦЕ-МИНИСТР ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

ВИЦЕ-МИНИСТР ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

Шымкент қаласына жұмыс сапарымен Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев келді. Шаһар тұрғындарымен кездескен вице-министр өңірдің экологиялық жағдайы, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсері сынды өзекті сауалдарға жауап беріп, заңнамаға енгізілген өзгерістер жайын баяндады.



 АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Шымкент – өндірісі өркендеген, дамуы қарқынды қала. Алайда зауыттардан тараған түтін, өңірді жайлаған өткір иіс – өзекті мәселеге айналып отыр. Қаланың экологиялық ахуалына алаңдаған шымкенттіктер ең алдымен ауаға тарайтын түтін мәселесін көтерді. Мұржалардан үздіксіз будақтаған қара түтін мен көліктен ауаға тарайтын иіс тұрғындардың тынысын тарылтып, балалардың денсаулығына қауіп төндіріп отыр. Министрлік өкілі бұл мәселе жіті назарға алынатынын, кәсіпорындардың экологиялық талаптарға сәйкестігі тексерілетінін жеткізді.


МАНСҰР ОШУРБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ
 Автокөлік шығындылары көп адамды алаңдатып отыр.Қазір техосмотр полиция департаментімен бірлесе өткізіп жатырмыз.Алдағы уақытта сапасы жоқ көліктерді жолға шығаруға болмайды деген заң талабы күшіне енеді.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
 Шаһардың өнеркәсіп орталығы екенін ескерсек, мұнда мұнай-химия және фосфор зауыттары жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар ел экономикасына үлес қосқанымен, қоршаған ортаға тигізетін зияны да аз емес. Қала тұрғындары зауыттардан шығатын қалдықтардың мөлшерін азайту, экологиялық стандарттарға сай тазарту жүйелерін орнату қажеттігін алға тартты. Сапар барысында вице-министр тұрғындармен тілдесіп, олардың шағымдары мен ұсыныстарын тыңдады.


МАНСҰР ОШУРБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ
2021 жылы экологиялық кодекске өзгеріс енгізілді.Барлық кәсіпорын арнайы ережеге көшуі керек.Заң бойынша олар келісімді алып барып, жұмыс істей алады.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
 Қоршаған ортаны қорғау зауыттардан бөлінетін түтін мен ауа сапасымен шектелмейді. Қалада Тұрмыстық және өндірістік қалдықтар жылдан-жылға артып келеді.  Бұл жайт топырақты улап, жердің құнарсыздануына әкеледі. Министрлік өкілі бұл мәселені шешудің жолы – қоқыс өңдеу жүйесін жетілдіру екенін атап өтті. Қатты қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту – қаланы күл-қоқыстың астында қалдырмаудың ең тиімді жолы. Еуропа елдерінде қоқыстың басым бөлігі өңделіп, екінші рет пайдаланылады. Ал бізде бұл жүйе енді ғана дамып келеді. Егер қайта өңдеу саласына инвестиция тартылып, тұрғындар қоқысты сұрыптап үйренсе, полигондарға жөнелтілетін қалдық мөлшері айтарлықтай азаяды.

Бөлісу