ШЫМКЕНТ ПЕН ВЕНГРИЯ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ КЕҢЕЙЕДІ
Шымкент пен Венгрия арасындағы әріптестік жаңа бағыттармен толығуы мүмкін. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қазақстандағы Венгрияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Ференц Цомбош бастаған делегациямен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық байланысты нығайту, инвестиция тарту және туризмді дамыту мәселелерін талқылады.
Ынтымақтастықтың негізі қаланып та үлгерді. Биыл қазан айында Шымкент пен Венгрияның Дебрецен қаласы бауырлас қала атанды. Тиісті меморандум тәжірибе алмасуға, кәсіпкерлік байланыстарды жандандыруға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Кездесуде туристік қатынастарды дамытуға да басымдық берілді. Осы ретте Ғабит Сыздықбеков Шымкентте Венгрияның визалық орталығын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл екі ел азаматтарының сапарын жеңілдетіп, іскерлік және туристік байланысты жандандыруға ықпал етпек. Сонымен қатар Шымкент – Будапешт бағытындағы тікелей әуе қатынасын жолға қою мәселесі сөз болды. Кездесу қорытындысында қала әкімі жауапты тұлғаларға бірлескен бастамалар мен нақты жұмыс бағыттарын қамтитын Жол картасын әзірлеуді тапсырды.