ШАЛА ТУҒАН НӘРЕСТЕЛЕРГЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КҮШЕЙТІЛЕДІ
Алғашқы тыныстан басталатын үлкен жауапкершілік. Шымкентте неонатология мен педиатрия саласының өзекті мәселелері талқыланған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. «Кішкентай балалар – үлкен әлеует: алғашқы тыныстан – салауатты болашаққа» тақырыбындағы басқосуға Қазақстан мен шетелдердің жетекші мамандары жиналды. Негізгі назар – ана мен бала денсаулығын қорғау, шала туған нәрестелерге көрсетілетін көмекті жетілдіру және озық медициналық тәжірибені енгізу.
Дүниеге келген әрбір сәбидің өмірі мен денсаулығы – медицина мамандары үшін үлкен жауапкершілік. Әсіресе, мерзімінен бұрын туған нәрестелерге күтім жасау, олардың өмірін сақтап қалу және әрі қарайғы дамуын қамтамасыз ету ерекше кәсібилікті талап етеді. Соңғы 25 жылда әлемде нәрестелер өлім-жітімін азайту бағытында айтарлықтай нәтижелер бар. Дегенмен, медициналық көмектің қолжетімділігі, әсіресе шалғай елді мекендерде, әлі де өзекті.
МАДИНА МАМБЕТОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ
Біздің неналтологтарымыз педиаторларымыз акушер гинекологтарымыз бұл жерден білім ғана емес ертеңнен бастап қолда бар нақты шешімдері болады. Отбасылардың едәуір бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан шалғай аудандардағы балалар да ірі қалалардағы құрдастарымен бірдей сапалы медициналық көмек алуы қажет. Бұл үшін білікті мамандар, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерді бақылау жүйесі, санитариялық авиация, телемедицина және перзентханалар мен емханалар арасындағы сабақтастық қажет.
Қазақстанда жыл сайын шамамен 24 мың нәресте шала туады. Олардың өмірін сақтап, денсаулығын нығайту үшін еліміздің барлық өңірінде перинаталдық орталықтар жұмыс істейді. Мұндай мекемелер заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылып, мамандардың біліктілігін арттыруға да басымдық беріліп келеді.
АЙНҰР МАҚСУТОВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАС ПЕДИАТОРЫ
Барлық периниталдық орталықтар заманауй құрал-жабдықтармен қамтылған. Мамандар шетелдерде біліктіліктерін арттырып отырады.
Баланың дені сау болып өсуі тек дүниеге келген сәттегі медициналық көмекке байланысты емес. Оның іргетасы ана құрсағындағы кезеңнен қаланады. Ал туғаннан кейінгі алғашқы мың күн – сәбидің физикалық және интеллектуалдық дамуы үшін аса маңызды уақыт. Сондықтан дәрігерлердің бақылауы мен жүйелі күтім үздіксіз жалғасуы қажет.
НЕСУ ОДИНАЕВА, МӘСКЕУ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ПЕДИАТОРЫ
Бала туылғаннан кейінгі мың күніндегі дамуы оның болашағын айқындайды. Әрбір аман қалған сәбидің артында дәрігерлер мен мейіргерлерден құралған тұтас команданың орасан зор еңбегі тұр. Мұндай конференциялар ғылыми білім мен практикалық тәжірибе алмасуға, медициналық көмектің сапасын арттыратын жаңа шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – әрбір баланың дені сау болып өсуіне жағдай жасау.
Мамандардың пікірінше, ана мен бала денсаулығын қорғауда бір ғана дәрігердің еңбегі жеткіліксіз. Неонатолог, педиатр, акушер-гинеколог пен мейіргердің үйлесімді жұмысы маңызды. Конференция барысында шала туған нәрестелерді күтіп-баптау, заманауи технологияларды қолдану, медициналық көмектің сабақтастығын қамтамасыз ету және халықаралық тәжірибені жергілікті медицинаға енгізу мәселелері сөз болды. Кәсіби пікір алмасу жаңа тәсілдерді меңгеріп, балалар денсаулығын қорғау жүйесін жетілдіруге жол ашады.