ЖОЛ ЖӘНЕ ГАЗ ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛУДА
Шымкентте жол құрылысы, қоғамдық көлік және инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті жұмыс сапарында бірнеше инфрақұрылым нысанын аралап, құрылыс барысы мен атқарылған жұмыстарды тексерді.
Алдымен Қаратау ауданындағы Кеңжарық және Хан Тәңірі көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарының жай-күйімен танысты. Одан кейін Бәйдібек би даңғылы мен Қуаныш Төлеметов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысына барды. Нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Мұнда төменгі деңгейде айналма қозғалыс қарастырылып, жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелдері салынуда. Қоғамдық көлік паркі де жаңарып келеді. Шымкентке тағы 40 жаңа автобус жеткізілді. Олар 6, 51, 67, 74 және 92-бағыттарда жолаушылар тасымалдайды. Жыл соңына дейін сатып алынуы тиіс 192 автобустың бүгінде 107-сі жеткізілген. Бұдан бөлек, Қонаев даңғылының жалғасы мен А-2 айналма жолын қайта жаңарту жұмыстарының барысы тексерілді. Ал осы жол бойындағы Жаңаталап тұрғын алабында газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда жалпы ұзындығы 50 шақырымнан асатын орамішілік газ желілері тартылуда. Жоба нәтижесінде 1 жарым мыңнан астам жер теліміне көгілдір отын жеткізу көзделген.