ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ 16 КҮН
Зорлық-зомбылыққа көз жұму – мәселені шешпейді. Керісінше, үнсіздік оның өршуіне жол ашуы мүмкін. Шымкентте «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 белсенді күн» халықаралық акциясы аясында ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Әл-Фараби ауданы әкімдігі мұрындық болған жиында мамандар отбасындағы қысымның алдын алу және жәбірленушілерге көмек көрсету тетіктерін талқылады.
Халықаралық науқан жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтеді. Оның негізгі бағыты – әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу және қоғамның құқықтық сауатын арттыру. Шымкенттегі кездесуге полиция инспекторлары, психологтар, дағдарыс орталықтарының мамандары мен үкіметтік емес ұйым өкілдері жиналды.
БАЯН ЖАНДОСОВА, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ
Мен 2017 жылдан бері бас прокуратурамен үлкен жобамен жұмыс істеген болатынмын. Зорлық зомбылықсыз Қазақстан деген. Өйткені онда оңтүстік Қазақстанда болған. Біз зорлық зомбылық бойынша бірінші орында тұрған болатынбыз. Енді алдың күні жиналыс болды өзінің қорытындысын жұмыс бойынша. Сонда 9 пайыздан 8 пайызға түскен жағдайы бар. Соның зорлық зомбылықтың кішкентай болса да үлесі бар дегендей.
Зорлық-зомбылық көрген жандардың бәрі бірдей көмек сұрап, құзырлы органдарға жүгіне бермейді. Кейбірі қысымға төзіп, жағдайды жасыруға мәжбүр. Осындайда құқықтық қолдау мен психологиялық көмектің маңызы артады. Жиын барысында мамандар тұрғындарға жеке кеңес беріп, заң аясындағы мүмкіндіктер мен қорғану жолдарын түсіндірді.
АСЫЛ ДИДАР, СТУДЕНТ
Бүгінгі іс-шарамыздың мақсаты 16 күндік гендерлік зорлық зомбылыққа қарсы күрес мақсатында ұйымдастырылып отыр. Б.Момышұлы кезінде айтып кеткен, ананың құрметі әкеге қарағанда жоғары жүреді деп. Баланы құрсақтан аман-есен шығару анаға деген үлкен жауапкершіліктердің бірі. Сондықтан да әр-бір қыз баласын құрметтеп алақанда ұстаған жөн. Бұл іс-шарада түрлі бейнероликтар құрылып жатыр. Және де түрлі жерлерден Түркістан қаласы әкімінің орынбасарлары да келіп отыр.
Зорлық-зомбылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – қоғам болып атсалысуды қажет ететін ортақ мәселе. Әр адамның қауіпсіздігі мен құқығы қорғалатын орта қалыптастыруға бағытталған акция аясындағы түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.