Негізгі Жаңалықтар ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ ҚОС БАСҚАРМАНЫҢ ЖҰМЫСЫ САРАЛАНДЫ

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ ҚОС БАСҚАРМАНЫҢ ЖҰМЫСЫ САРАЛАНДЫ

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ ҚОС БАСҚАРМАНЫҢ ЖҰМЫСЫ САРАЛАНДЫ

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты қос бірдей бағыт талқыланды. Жиында денсаулық сақтау саласының он айдағы есебі тыңдалып, жағалау аумақтарын заңсыз құрылыстан тазарту жайы сөз болды. Қалада жоғары технологиялық оталар жасалып,  цифрландыру жүйесі жолға қойылғанымен, шешімін күткен түйткілдер аз емес. Кеңес отырысында көтерілген өзге де мәселелер жайлы тілшіміз тарқатып айтады.



АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Кеңес отырысында медицина саласының көрсеткіштері сараланды. Бүгінде мегаполисте 16 752 медицина маманы еңбек етеді. Қалада 58 емхана мен 46 тәулік бойы жұмыс істейтін стационар халыққа қызмет көрсетеді.Көпбейінді онкологиялық орталықта алғаш рет күрделі оталар сәтті жасалып, бүйрек ісігін емдеуде криоабляция әдісі қолданысқа енді. Жалпы жыл басынан бері жоғары технологиялық көмек аясында 478 ота жасалды. Саладағы жаңғырту жұмысы мұнымен шектелмейді. Биыл медициналық мекемелер 2 компьютерлік томограф және 12 ультрадыбыстық аппаратпен толықты. Қалада инсультті ерте анықтайтын жасанды интеллект жүйесі енгізіліп, «Әлеуметтік әмиян» жобасымен тұрғындарға 925 мыңнан астам тегін дәрі-дәрмек үлестірілді.


АЙМАН ОСПАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Халыққа сапалы шұғыл көмек көрсету мақсатында жедел жәрдем қызметіне  25 арнайы автокөлік алынды. Жедел жәрдем көліктері 54,2% ға жаңарды.16 мектепте стоматологиялық кабинет ашылып, стоматологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада 257-шы бүйрек транплантациясы сәтті жүргізілді.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Заманауи құрылғылар орнатылып, жаңа емхана бой көтергенімен, кей мәселелер толық шешім тапқан жоқ. Халық саны күн санап өсіп келе жатқан мегаполисте ауруханадағы кезек пен дәрігерге  түсетін жүктеме әлі де артып отыр. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін отырыста кеңес мүшелері саладағы түйткілді тұстарды ашық айтып, ұсыныстарын ортаға салды.


АЙМАН ОСПАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бізде көбінесе  кезек неврология мен ревмотологияда болады.Өйткені, қалада төсек орын аз.Келесі жылы қосымша төсек орындары ашылып жатыр.Кейде пациенттер келмей, орынды ұстап қалады.Оны портал арқылы дәрігерлер бақылайды.


 АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Кеңес отырысында қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы да баяндама жасады. Қалада Қошқар ата аймағын абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жағалау заңсыз құрылыстан тазарып, бүгінде 31 нысан сүрілді.


ӘБІЛҚАЙЫР ОҢҒАР, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазіргі уақытта 4,6 шақырымды құрайтын Қошқар ата өзенінің бойын абаттандыру жұмысы жүргізілуде.Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, аумақ қоқыстан тазартылып, заңсыз нысан сүрілді.Оның орнына жаяу жүргіншілер жолы мен балалар ойын алаңшалары салынды.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Дегенмен кеңес мүшелері жағалауды босатумен іс бітпейтінін алға тартты. Босаған аумақтар уақытылы абаттандырылып, халық игілігіне берілуге тиіс. Жиын соңында көтерілген ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.

Бөлісу