Негізгі Жаңалықтар «АЛТЫН КҮЗ – 2026» МЕРЕКЕСІ

«АЛТЫН КҮЗ – 2026» МЕРЕКЕСІ

Сайрамдық шаруалар биылғы еңбек маусымын табысты қорытындылады. Ауданда «Алтын күз – 2026» мерекесі аталып өтті. Мерекелік жәрмеңкеде жергілікті өндірушілер ауыл шаруашылығы өнімдерін нарықтағыдан төмен бағамен ұсынды. Сондай-ақ, жыл бойы салада үздік нәтиже көрсеткен еңбеккерлер марапатталды.


2026 жыл Сайрам ауданының диқандары үшін табысты болды.  Ауданда ағымдағы жылдың 10 айында 169,7 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Бұл облыс көлеміндегі жалпы өнім көлемінің 13,5 пайызын құрайды. Тағы бір тәуір жаңалық. Биыл өңірге 20,5 миллиард теңге инвестиция тартылған.


МАДИЯР ОРАЗАЛИЕВ, САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
-Облыста болған  «Агрофест-2026»  да Сайрам ауданының 10 айлық көрсеткішімен үштікке кірдік. Және де ең мықты өндіру бойынша бірінші орынға ие болдық.  Бұл дегеніміз ауданның еңбекқор халқының арқасында, диханшылардың және де мына ауыл шаруашылығы майталмандарының арқасында орындай жетістікке жетіп отырмыз.  Аудан халқына арнайы алғысымды айтқым келеді.  


Сайрамда 25 мыңға жуық жеке кәсіпкер бар. Аудандағы әр он азаматтың бірі кәсіпкерлікпен айналысады. Оның едәуір бөлігі мал және егін шаруашылығын серік еткен. Мәртебе алаңында ұйымдастырылған  жәрмеңкеге 100-ге жуық кәсіпкер қатысты. Олар  50-ден астам ауыл шаруашылығы өнімін ұсынды.


 АЙСҰЛУ ӨТЕГЕНОВА, АУДАН ТҰРҒЫНЫ
- Қолжетімді. Болады.  Айран 350 ден алдым. Сары майы да қолжетімді. Алып кетіп бара жатырмыз. Болады. Керек мұндай жәрмеңке. «Алтын күз»  деген соң келіп,  аралап көріп жатырмыз.


Сайрам ауданында егін және мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Аудан әкімі Мадияр Оразалиев үш ауыл әкімінің еңбегін ескеріп, құрмет көрсетті. Ауылшарушылығы саласында еңбек етіп жүрген  17 азаматтың арқасын қағып, Алғыс хатпен марапаттады.


 МАҚСАТ ҚҰРМАНӘЛИЕВ, ҚАРАБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ
-Бүгін Алтын күз-2026  қортындысы бойынша, аудандағы  11 ауыл округі ішінен Қарабұлақ ауыл округі бірінші орын алып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында үздік болып отырмыз. Өте қуаныштымын. Әріптестеріме, аудан басшылығына рақметімді айтқым келеді.


Алтын күз – молшылық пен берекенің мерекесі. Биылғы жетістіктер – тынымсыз еңбек пен табанды ізденістің нәтижесі. Марапат алған әкімдер мен шаруалар алдағы уақытта да аудан экономикасының дамуына үлес қоспақ. // Мерекелік шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Бөлісу