Негізгі Жаңалықтар ҚАЗАҚ РОМАНЫ АҚШ-ТЫ ТАҢҒАЛДЫРДЫ

ҚАЗАҚ РОМАНЫ АҚШ-ТЫ ТАҢҒАЛДЫРДЫ

Қазақ әдебиеті мұхит асып, әлемдік оқырманға жол тартты. Шымкенттік жас жазушы Сүндет Сейітовтің шығармасы АҚШ пен Аустралиядағы кітапхана қорларынан орын алды. Жер-жаһанға таралған туындының ерекшелігі неде? Автордың өзімен тілдесіп, шығарманың тарихын біліп қайттым. Сюжеттен көріңіз.


 Шымкенттік қаламгердің романы АҚШ-тың 31 штатындағы кітапханаларға тарап, шетелдегі 300-ден астам кітапхана қорына енген. Шығарма геосаяси шиеленістерді сынға алып, әлемді бейбітшілікке үндейді. Бір қызығы, автор туындыны ағылшын тіліне өзі аударған. Қазақ тілінде әлі жарық көрмеген қолжазбаға америкалық баспа өкілдері қызығушылық танытып, кітап етіп шығарған. Бүгінде шығарма АҚШ-тың барлық штатына тарап, өзге де елдердің оқырмандарына жол тартқан.


СҮНДЕТ СЕЙІТ, АҚЫН-ЖАЗУШЫ
 – «Күні бойы құрылыстамыз, ұсталармен бірге жұмыс істейміз. Кешкі уақытта, түнімен таңға дейін осы шаруаға кірістім ноутбугымды алып.»  «Американың 31 штатына таралған. Қазір енді 50 штатты түгел қамтыды.» «Латын Америкасына түгел жетіпті. Перу мемлекетінің нарығына кіріпті.» «Сосын Мексиканың барлық кітап дүкенінде бар бұл шығарма.»  «Бразилия, Аргентина, Чили. Австралияның ұлттық университеті қорына түсті.»


Романның негізгі желісі әлемді бейбітшілікке шақыруға құрылған. Дрон арқылы шоу көрсететін екі қазақстандық жер-жаһанды аралап, соғыс зардабын тартқан халыққа көмек қолын созады. Аш-жалаңаш қалған адамдардың тағдырын суреттей отырып, мемлекеттерді татулық пен бірлікке үндейді. Шығармада баланың әкесіз, ал әкенің туған жерінен жырақ қалмауы керектігі де көрініс тапқан.


 МЕЛЕК АЛИЕВА, СТУДЕНТ, ОҚЫРМАН
«Мен «Дрон шоуды» оқып шықтым. Өте тамаша туынды. Еріксіз жас алып, эмоцияға берілген тұстарым да болды. Осы туынды арқылы кітап оқуға деген махаббатым одан сайын артты.»


Сүндет Сейітов Шымкенттегі Пушкин кітапханасында еңбек етеді. Күндіз кітапханашы, түнде сол мекемеде күзетші болып жұмыс істейді. Ал әлемдік оқырманның қызығушылығын тудырған романын қазақ тілінде жарыққа шығаруды армандайды. Алайда әзірге қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр. Демеуші табылса, шетелдік оқырмандар жоғары бағалаған шығармасын ана тілінде сөйлетпек. Қазір америкалық әдеби агенттермен келіссөз жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта романын кинотуындыға айналдырып, Netflix платформасына ұсынуды жоспарлайды.


СҮНДЕТ СЕЙІТ, АҚЫН-ЖАЗУШЫ
– «Алдағы жоспарым шығарманы киносценарийге айналдырып, «Нетфликске» ұсыну.» «Қазір «Нетфликске» шығару күлкілі шығар. Алдыңызға мақсат қойсаңыз, орындалмайтын мақсат, арман жоқ.»


Сүндет Сейітов – АҚШ Авторлар гильдиясына қабылданған алғашқы қазақстандық. Беделді ұйым қаламгердің шығармашылығына жоғары баға беріп, оны өз қатарына қосқан. Гильдия мүшелеріне АҚШ аумағында баспана жалдау немесе сатып алу кезінде 40 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ медициналық сақтандыру мүмкіндігі де бар. Десе де, жүрегі туған жер деп соғатын қаламгердің басты арманы – қазақ әдебиетін әлемге танытып, елге қызмет ету.

Бөлісу