ҚАЗЫҒҰРТТА 61 САЙЛАУ УЧАСКЕСІ ЖҰМЫС ІСТЕДІ
Қазығұрт ауданында да сайлау науқанына тұрғындар белсенді қатысуда. Ауданда 61 сайлау учаскесі жұмыс істеп, 65 мыңнан астам азаматқа дауыс беру мүмкіндігі жасалды. Таңдау жасауға келген жұрт елді мекендердің болашағы үшін әр дауыстың маңызы зор екенін айтады. Тұрғындар саяси науқанға қатысты пікірлерін де білдірді.
Аудан бойынша 61 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Сайлаушылар саны - 65 551. Сонымен қатар аудандық мәслихатқа бірмандатты 17 округтік, облыстық мәслихатқа бір округтік сайлау комиссиясы құрылған. 13 ауылдық округтің тұрғындары өз таңдауларын жасауда. Қазығұрттықтар сайлауға қатысу - елді мекендердің дамуына үлес қосудың бір жолы екенін айтады.
Сайлаушылар қатарында аға буын өкілдері де, жастар да бар. Әрқайсысы өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымын білдіруге асық. Аудандық Әжелер алқасының төрайымы да саяси науқанның ел болашағы үшін маңызын атап өтті.
Дауыс берушілердің қарасы №280 сайлау учаскесінде де қалың. Мұнда 1661 сайлаушы тіркелген. Жалпы аудандағы барлық учаске таңғы сағат 7:00-ден бастап дауыс берушілерді қабылдады. Тұрғындар таңдау жасауға жауапкершілікпен қарап, саяси науқанға белсенділік танытуда.