БІРЛІКТІ БЕКЕМДЕГЕН ЭТНОФЕСТИВАЛЬ
Бір алаңда - сан алуан мәдениет, бір сахнада - түрлі халықтың өнері. Шымкентте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Достық» этнофестивалі ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарламаға 15 этномәдени бірлестік қатысып, ұлттық өнері мен салт-дәстүрін, асханасы мен мәдени мұрасын көпшілікке таныстырды.
Фестивальдің ашылуында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек этномәдени бірлестіктердің қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, елдегі тұрақтылық пен татулық -Тәуелсіздіктің басты тіректерінің бірі.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінгі іс-шара халықтар достығына, ел бірлігіне, біздің татулығымызға арналып отыр. Президентіміз үнемі біз әртүрліміз бірақ бірдейміз деп айтады. Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына жетуімізге әуешлі біздің ынтымағымыздың арғасында екендігін баса айтуымыз керек.
Ал фестиваль алаңы түрлі мәдениеттің көрмесіне айналды. Мұнда этнографиялық жәдігерлер, ұлттық киімдер, қолөнер бұйымдары мен музыкалық аспаптар қойылды. Шеберлік сабақтары мен кітап көрмелері де келушілердің назарын аударды. Әр этнос өзіне тән өнері мен дәстүрін таныстырып, мәдени мұрасымен бөлісті.
ЧАРОС АРИПОВА, ИРАН ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ МҮШЕСІ
Біздің ата бабаларымыз Қазақстанға 1940-1945 жылдары қоныстанған. Мен Қазақ халқын өте қатты құрметтеймін. Олар бізге үлкен көмек берді сол үшін рахмет айтамын.
Ұлттық дәстүрлер мен өнердің де өзіндік орны бар. Келушілер бүркітпен аң аулау өнері - саятшылықтың қыр-сырына қанығып, ұлттық спорт түрлерінің көрсетілімдерін тамашалады. Ал арнайы фотозоналар фестиваль қонақтарына естелік суретке түсуге мүмкіндік берді.
РОКСАНА ЖИГУНОВНА, ӘЗЕРБАЙЖАН ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ МҮШЕСІ
Достық этно-мәдени фестивалы біздің достығымызды білдіретін маңызды іс-шара.
Мерекелік бағдарламаның тағы бір тартымды бөлігі – гастрономиялық аймақ. Мұнда әр этностың ұлттық тағамдары ұсынылды. Келушілер түрлі халықтың ас мәзірімен танысып, олардың асханалық дәстүрінен де мол мағлұмат алды. Айта кетейік, Шымкентте 15 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
ӘБДЕЗ РАХМАНҰЛЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ
Қалада жалпы 15 этномәдени бірлестік бар. Бәріміз достық үйінде тұрамыз.
Өнер мен дәстүрді тоғыстырған «Достық» этнофестивалі түрлі этнос өкілдерінің мәдени байланысын нығайтатын ортақ алаңға айналды. Әр халықтың ерекшелігін дәріптей отырып, ортақ құндылық - ел бірлігі мен өзара сыйластықты насихаттады.