БҮГІН 12 МИЛЛИОН 680 МЫҢ АЗАМАТ ТАҢДАУ ЖАСАЙДЫ
Бүгін елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы басталды. Таң сәріден бастап 10 мың 338 сайлау учаскесі ашылды. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, бүгін 12 миллион 680 мыңға жуық азамат өз таңдауын жасай алады.
Депутаттық мандатқа 11 мыңға жуық адам үміткер болса, саяси додаға жеті партия қатысып жатыр. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың тұрғындары саяси партияға да, өз округінен түскен нақты кандидатқа да дауыс бере алады. Өйткені жергілікті бюджетті бекітіп, өңірлердің дамуын бақылайтын мәслихат депутаттарының жауапкершілігі халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Сайлау учаскелерінде дауыс берушілерге қолайлы жағдай жасалған. Әр азамат өз межелі орнын онлайн анықтап, байланыс орталығы арқылы қажетті ақпаратты ала алады.