Негізгі Жаңалықтар АЛҒАШ ДАУЫС БЕРГЕНДЕРГЕ СЫЙЛЫҚ ТАРАТЫЛДЫ

АЛҒАШ ДАУЫС БЕРГЕНДЕРГЕ СЫЙЛЫҚ ТАРАТЫЛДЫ

АЛҒАШ ДАУЫС БЕРГЕНДЕРГЕ СЫЙЛЫҚ ТАРАТЫЛДЫ

Шымкентте мәслихат депутаттарын сайлау басталды. Таңғы сағат 7-де есігін ашқан сайлау учаскелеріне алғашқы минуттардан-ақ тұрғындар келе бастады. Азаматтық белсенділік танытып, алғашқылардың қатарында дауыс бергендерге арнайы сыйлықтар табысталды. Тілшілеріміз қаланың №101 сайлау учаскесінде болып қайтты.


НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ
Сағат тура жеті. Елімізде мәслихат депутаттарын сайлау басталды. Біз дәл қазір Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде орналасқан 101-ші сайлау учаскесінде тұрмыз. Мұнда дауыс беру процесі ресми түрде іске қосылды. Комиссия мүшелері өз орындарында, ал таң сәріден өз таңдауын жасауға келген алғашқы сайлаушылар да бой көрсете бастады.


 Таң сәріден сайлау учаскесіне асыққандардың бірі - Ақерке Қарабай. Ол бюллетеньді толтырып, өз таңдауын жасаған алғашқы сайлаушылардың қатарында болды. Ұйымдастырушылар белсенді тұрғынға арнайы сыйлық табыстады. Айтуынша, ол бұған дейін де елдегі сайлау науқандарынан қалыс қалмай, үнемі дауыс беріп келген.


 Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде орналасқан №101 сайлау учаскесінде 1913 азамат тіркелген. Олардың бесеуі-ерекше күтімді қажет ететін азаматтар. Учаскеде барлық сайлаушының дауыс беруіне қолайлы жағдай қарастырылған. Комиссия мүшелері таңғы уақыттан бастап жұмысқа кірісті.


Айта кетейік, Шымкент қаласында барлығы 365 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 24-і – жабық учаске. Қала бойынша 724 мың 22 азамат дауыс беру құқығына ие. Олардың 5425-і биыл алғаш рет сайлау бюллетенін толтырмақ. Осылайша, мегаполисте таңғы сағаттан басталған саяси науқан жалғасуда


Бөлісу