ҚАЛА ӘКІМІ ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ ДАУЫС БЕРДІ
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәслихат депутаттарын сайлауда өз таңдауын жасады. Қала басшысы Түркістан сарайында орналасқан №231 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Мұнда таңғы уақыттан бастап тұрғындардың белсенділігі байқалады.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
№231 сайлау учаскесінде белсенділік жоғары. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те арнайы келіп, өз таңдауын жасады. Жалпы, бұл учаскеде 2370 сайлаушы тіркелген. Бірнеше сағат ішінде олардың бірқатары дауыс беріп үлгерді. Саяси науқаннан тіпті темірге тіл бітірген роботтар да қалыс қалмай, сайлау учаскесіне ерекше көрік беріп жүр.
ЕРСҰЛТАН ӘМІРБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Дүйім Қазақтың арманы – жаңарған, дәулетті-сәулетті Қазақстанда өмір сүру.» «Сайланушылар 1 айға дейін есеп беріп келсе, қазір 15 күнге арасы қысқарып отыр. Бұл тұрғындардың сайланушылар мен арадағы байланысын нығайтып, жауапкершілігін күшейтеді. »
№231 сайлау учаскесінде барлық азаматтың дауыс беруіне мүмкіндік қарастырылған. Атап айтқанда, көру қабілеті бұзылған тұрғындарға арналған Брайль қарпімен жазылған бюллетеньдер бар. Сонымен қатар тактильді жолақтар орнатылған. Учаске комиссиясының төрағасы сайлау процесі таңнан бері қалыпты жағдайда жүріп жатқанын айтады.
ҚУАТ САБЕТОВ, №231 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Мәслихаттар таратылып жаңдан депутаттар сайланбақ. Бұл халықтың әл-ауқатын жақсартудан депутаттардың рөлі зор.»
Ал денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар үшін үйде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл мақсатта арнайы жылжымалы жәшіктер пайдаланылады. Айта кетейік, қаладағы сайлау учаскелері кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.