«Жасыл аймақ» апталығы Қаратау ауданында қарқынды өтіп, сенбілікке жалғасты. Аудан әкімдігі қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысқан сенбілікте 30 көп қабатты үйдің ауласы қоқыстан тазартылды.

Қаратауға қарасты Тұран шағынауданы қаланың ең жас аумақтарының қатарына кіреді. Бұл күні көпқабатты тұрғынүйлердің ауласы айнадай таза күйге енді. Тал-дарақтың түбі әктеліп, темір қоршаулар сырланды.

Ауладағы шөп орылып, орындықтар жап-жаңа түске боялды. Одан бөлек, 3,3 шақырым ирригациялық арық жүйесі, 9,7 шақырым жол жиектері тазартылды. Тазалық шарасында ауданның еңбектеген баладан еңкейген қариясына дейін белсенділік танытты.

Тазалық өз аулаңнан басталады. «Әр тұрғын өз үйінің іргесін таза ұстап, тал егіп, оған күтім жасуаға міндетті» дейді бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып.

Туған қалаңның, оның көшелері мен гүлзарларының ұқыпты, таза болуы әр азаматтың адами қасиетіне  байланысты. Табиғат қамқорлықты жақсы көреді.  Жауынгерлік самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы Арман Оспанов та Еңбек мерекесінің көркін қыздырды.

Ауласының таза, жасыл желекті болғанына тұрғындар да дән риза.
Сенбілік жұмысына 1000-нан аса тұрғын, 8 техника жұмылдырылды. 5 аптаға жалғасатын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының әр аптаға арналған атауы мен ерекшеліктері бар. Алғашқы екі аптасында «Таза өлке» мен «Киелі мекен» деп аталып,  тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағы абаттандырылды. 27 сәуірге дейінгі үшінші апталықта «Жасыл аймақ» айдары жан-жақты насихатталып, жер-жерде жасыл көшеттер егуге айрықша мән берілді.