Ақжолтай ақпар. Шымкенттік 200 оқушы республикалық пән олипиадасының жеңімпазы атанды. Дарынды өрендерді бүгін Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Бахтияр Өнербаев құттықтап, жас өренге білім алу жолында таудай талап тіледі.
Шымкенттегі Дарын орталығы ұйымдастырған шарада бас аяғы 200 дарынды бала бүгін марапат алып, марқайды. Білім қуған жас ұрпаққа ынта-жігер сыйлаған шараның әлқисса сөзі - Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Бахтияр Өнербаевта.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың мақсаты - оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру. Теориялық білімі мен тәжірибелік шеберлігін шыңдау. Осы арқылы шәкірттер арасында халықаралық байқауларға қатысатын үміткерлер іріктелді. Игі істің басы-қасында жүрген «Дарын» орталығы талай талантқа жол ашып, білімділердің белін бекем буды.
Дари Фирсов, алтын медаль иегері
- Мен №20 мектеп гимнгазиясының оқушысымын. Мен орыс тілі және орыс әдебиеті пәнінен республикалық олимпиадаға қатысып, бірінші орынға ие болдым. Осындай жетістікке жетуіме менің ұстаздарым үлкен үлес қосты. Сонымен қатар, Дарын орталығындағы мамандарға да айтар алғысым шексіз. Олар бізді түрлі жарыстарға қатыстырып, жігерімізді шыңдайды.
Дастан Қалу – ер балаларға арналған Білім инновациялық лицейінің 11 сынып оқушысы. Дарынды өрен Өскемен қаласында өткен республикалық пән олимпиадасында алтын медальға ие болды. Байқаудың алғашқы кезеңінде ғылыми жобасын нәтижелі қорғап, тест сұрақтарына жауап берді. Намысты қолдан бермеген дарынды оқушы балашақта журналист болуды армандайды.
Оқушылардың бағындырған белестері бір төбе. Мұның бәрі білікті ұстаздың арқасы екені белгілі. «Білімді жас – жарқын болашақтың кепілі» демекші, елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын бүгінгі жас ұрпақ алдағы уақытта да білімпаз боларына сенім артамыз.