Негізгі Жаңалықтар ШЫМКЕНТТІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДЕҢГЕЙІ ҚАНДАЙ?

ШЫМКЕНТТІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДЕҢГЕЙІ ҚАНДАЙ?

Шымкенттіктердің экологиялық мәдениеті қай деңгейде? Атмосфералық ауаға зиян келтіріп, зиянды түтін таратқандарға қандай шара қолданылады? Қанат Жолдасбек зерттеп көрді.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Ірі кәсіпорынға 220 млн теңге айыппұл салынған. Мекеме экологиялық талаптарды сақтамай, қоршаған ортаға зиян келтірген. Мамандар өндіріс орындарын бақылап, мониторинг жүргізген. Атмосфералық ауаға қауіпті түтін таратқандарды анықтап, жауапқа тартқан.


 ЕРМАХАН ҚОЗЫБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
– «Былтыр 40 млн теңге айыппұл салған болсақ, биыл 505 млн теңге айыппұл салдық. Ең көп салған бір мекемеге 220 млн теңге салдық. Одан кейін 140 млн теңге, ол төленді.»


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Қазгидрометтің дерегінше, Шымкенттегі ауа сапасының деңгейі көтеріңкі. Бірақ бұл экстремалды қауіп емес. Өндіріс ошақтары мен көлік қозғалысының артуына байланысты ауаға таралатын зиянды заттардың көлемі 31 мың тоннадан 47 мың тоннаға көбейген. Шаһарда 534 мың көлік тіркелген. Өзге өңірден келіп-кететін көлік те бар. Машиналардың кейбірі ескі, енді бірі тиісті талаптарға сай емес. Прокуратура мен экологтар рейд жасап, ауаға зиянды түтін тарататын автокөліктерді анықтаған.


ЕРМАХАН ҚОЗЫБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
 – «Осындай рейдтік шаралар барысында 109 автокөлік тексеріліп, 31 тұлғаға айыппұл салынған.»


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған орта сапасын көтеру мақсатында саябақтар мен жасыл желектің саны артып келеді. Көше жиегі мен дендробаққа арнайы ағаш көшеттері егіліп, табиғат түлеп жатыр. Тіпті, қоқыс полигоны да тазартылып, саябаққа айналған.


ӘБІЛҚАЙЫР ОҢҒАР, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Қаламыздың ескі қоқыс полигоны болды. Жағымсыз иіс шығып жатты. Қала әкімінің тапсырмасымен, демеушілердің есебінен 45 гектар аумақты жасыл желекпен көмкердік.»


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Баспасөз отырысы әрі қарай сұрақ-жауап форматына ауысты. Жауаптылар журналистердің сауалдарына жеке-жеке тоқталып, толыққанды жауап берді.



Бөлісу