Негізгі Жаңалықтар ЕНДІ КӨЛІКТЕР ТЕМІРЖОЛ КЕПТЕЛІСІНДЕ ТҰРМАЙДЫ

ЕНДІ КӨЛІКТЕР ТЕМІРЖОЛ КЕПТЕЛІСІНДЕ ТҰРМАЙДЫ

Шымкентте теміржол өткеліндегі көлік кептелісін азайтатын жаңа көпір пайдалануға берілді. Тіленшин көшесіндегі көлік өткелі қала мен Сайрам, Төлеби аудандары арасындағы қатынасты жеңілдетеді. Жаңа нысанның ұзындығы - 853 метр.

 ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Қаланы қақ жарып өтетін осы теміржол арқылы күніне шамамен 60 жұп пойыз жүреді. Әр пойыз өткен сайын көлік жүргізушілері жол беріп, ұзын-сонар кептелісте тұруға мәжбүр болатын. Енді бұл мәселе шешімін тапты. Қала әкімдігі теміржол үстінен көлік өткелін салып, қозғалысқа жол ашты.

 НҰРЖАН ҚҰРБАНАШОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІ
– «Бұрындары жарты сағат, бір сағат кептелісте тұратын едік. Қазір міне, 30 секундта өтіп кетіп жатырмыз».

 Тіленшин көшесінде бой көтерген көлік өткелінің ұзындығы - 853 метр. Жобаға 4,5 миллиард теңге инвестиция салынған. Нысанның кепілдік мерзімі - 50 жыл.

 РОЛАН ИБРАГИМОВ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 – «Теміржолдың үстінен бір деңгейде өту қиындық туғызатын. Әсіресе үлкен көліктерге».

 Көпір көлік қозғалысына ашылғанымен, құрылыс жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ. Қазір жол жабынының орнығуын күтіп, кейін үстіне тағы бір қабат асфальт төселеді.

 ЕРКІНГҮЛ ОСПАНАЛИЕВА, МЕРДІГЕР
 – «Мерзімі 2026 жылдың желтоқсан айына дейін. Біз қазірдің өзінде әкімнің сұранысымен жолдағы кептелісті азайту үшін пайдалануға беріп отырмыз».

Көпірдің техникалық ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, жоба сапасын бақылады. Мердігерге өткелдің екінші қабатын сапалы төсеп, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.


Бөлісу