«ТАЗА НЫСАН»: ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРДАҒЫ ТАЗАЛЫҚ
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Шымкентте жалғасуда. Қалалық коммуналдық қызмет мамандары қоқыс алаңдары мен контейнерлерді, сондай-ақ күн сайын мыңдаған тұрғын пайдаланатын аялдамаларды жуып, тазалап жатыр. Арнайы құралдармен өңделген қоғамдық орындар қайта ретке келтірілуде.
Абай ауданында аялдамаларды жуу және тазалау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бекітілген кестеге сәйкес, аудан аумағындағы аялдамалар аптасына бір рет толық жуылып, тазаланады. Бұл жұмыстар қоғамдық көлік пайдаланушылары үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған.
ИНДИРА ИСМАЙЛОВА, КОММУНАЛДЫҚ МЕКЕМЕ БРИГАДИРІ
Біздің жұмыс уақытымыз таңғы сағат 8-ден кешкі 5-ке дейін. Көпқабатты үйлердің, көшелердің, аялдамалардың тазалығын қараймыз. Қоқыс жәшіктерін де тазартамыз. Қазіргі таңда бұрынғыға қарағанда қаланың тазалығы әлдеқайда жақсарған. Кез келген жерге қоқыс тастау, темекінің қалдығын тастап кету сияқты жағдайлар да көп байқалмайды.
Ауданда санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізетін екі бригада бар. Мамандар аялдамалардың айналасын сыпырып, әйнектерін арнайы құралдармен жуады. Қоқыс жәшіктері де уақтылы босатылып, тазаланады.
ЕДІЛ БЕКСЕЙІТОВ, АБАЙ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Әр шағынауданда 5-6 қоқыс алаңы бар. Аялдамаларға келетін болсақ, үлкен көшелерде 25-30-ға дейін, шағын шағынаудандарда 5-6-8 аялдамаға дейін болады. Күнделікті үш-төрт шағынауданда жуу жұмыстары жүргізіледі. Ал контейнерлер апта сайын жуылып, хлор ерітіндісімен өңделеді. Ауданда екі бригада жұмыс істейді. Әр бригада өз аумағындағы аялдамаларды көбікпен жуып, айналасын тазалап, шайып шығады.
Шымкентте 2420 аялдама орны бар. Әр ауданның коммуналдық қызметі өз аумағындағы аялдамалардың тазалығына жауап береді. Қоғамдық орындарды таза ұстау – тек коммуналдық қызметтің емес, қала тұрғындарының да ортақ міндеті. Тазалыққа жауапкершілік артқан сайын шаһардың көркі де жақсара түспек.