Негізгі Жаңалықтар «ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒЫЛЫМ ТІЛІ»

«ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒЫЛЫМ ТІЛІ»

Түркістанда «Қазақ тілі – ғылым тілі» атты 3-ші Халықаралық симпозиум аяқталды. Жиында отандық және шетелдік ғалымдар мен ғылыми-зерттеу институттарының зерттеушілері қазақ тілін жасанды интеллект пен цифрлық технология тіліне айналдыру, ғылымға бейімдеу, қазақ тілді ғылыми контентті арттыру және ұлттық ғылыми терминологияны жүйелеуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.


Симпозиум жұмысы алты секция бойынша өтті. Ғалымдар жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ тілінің даму бағыты мен ғылыми коммуникация және тілдік технологиялардың өзара ықпалын жан-жақты талдап, көпшілікке түсіндірді. Сондай-ақ, қазақтілді цифрлық ресурстарды жетілдіру және сапалы тілдік деректер қорын әзірлеу мәселелерін талқылады. Ауқымды ғылыми жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, лингвист-зерттеушілер, IT саласының мамандары, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, жас зерттеушілер қатысты. Симпозиум жалпы саны 200-ден астам қатысушының басын біріктірді.


МАҚПАЛ ЖҰМАБАЙ, «ТІЛ-ҚАЗЫНА» ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазақстанда 150 млрд токеннен астам сөз қолданыс бар қазақ тілінде. Оның 10 шақты млрд табиғи сөз қоры. Яғни, сіз бен біздің тілімізде сөйлейтін. Махамбеттің, Абайдың тілін түсінетін қор. Ал, едәуір бөлігі 90 пайызы синтетикалық тіл болып отыр.  Бұл үлкен мемлекеттік жобаның жүзеге асыруда әрбір студенттің, ұстаздың, әрбір азаматтың рөлі үлкен болады деп ойлаймыз. Осы бір қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі келесі бір сапалық деңгейге өсуіне ұлт болып еңбек етеміз деп ойлаймын.


Жиында «Қазақ лингвистикасының логистикасы – Қазақстан ғылымының инновациясы және инвестиция негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Пікірталас алаңында қазақ тіл білімінің ғылыми инфрақұрылымын жетілдіру, лингвистикалық зерттеулерді жүйелеу, ғылыми нәтижелерді технологиялық жобаларға айналдыру және тіл саласына инвестиция тарту жолдары талқыланды. Екі күндік ғылыми пікірталастың қорытындысы бойынша қазақ тілін цифрлық дәуірде толыққанды ғылым тілі ретінде орнықтыруға бағытталған симпозиум қарары қабылданды.


КӘРІМБЕК ҚҰРМАНӘЛИЕВ, АКАДЕМИК
Симпозиумның «Қазақ тілі – ғылым тілі» деп аталғаны өте дұрыс. Біз қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтеміз, арттырамыз десек осындай жиындар керек. Ғалымдардың, зиялы қауым өкілдерінің ғылым тіліне қалай айналдырамыз деп мәселе көтергені, халықаралық деңгейде айтылып жатқаны бұл бізге қандай жұмыстарды қолға алуымыз керек деген мақсатта болыцп отыр.


Айта кетейік, симпозиум аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті Филология факультетінің ғимаратында белгілі Абайтанушы ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметұлы атындағы атаулы дәрісхана ашылды. Сондай-ақ, Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай әзірленген «Толық адам танымы» ғылыми жинағының тұсаукесері өтті.

Бөлісу