«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҰРАҚТЫ ТАЗАЛЫҚҚА БЕТБҰРЫС
Экологияға деген жауапкершілік бала кезден қалыптасады. Шымкенттегі №140 мектепте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында жас зерттеушілердің экологиялық жобалары таныстырылды. Оқушылар табиғатты қорғаудың тиімді жолдарын ұсынып, өз идеяларын ортаға салды.
Шара барысында оқушылар табиғатты қорғаудың қарапайым әрі тиімді жолдарын ғылыми жобалары арқылы көрсетті. Солардың бірі – төртінші сынып оқушысы Аяла Ильяс. Ол өсімдіктерді қоректендіруге арналған химиялық тыңайтқыштарға балама ретінде банан қабығынан табиғи тыңайтқыш дайындаған.
АЯЛА ІЛИЯС, ОҚУШЫ
Банан қабығынан дайындаған екі тыңайтқышым бар. Ұнтақ тыңайтқыш және сұйық тыңайтқыш. Банан қабығы гүлдің өсуіне әсер етіп қана қоймай, оған пайдалы заттар береді.
Жас зерттеушілер тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату, өсімдіктерді табиғи жолмен қоректендіру және экотуризм бағытындағы жобаларын таныстырды. Олардың бірі – табиғатқа зиян келтірмей саяхаттауды насихаттайтын жоба.
АЯНА САПАРБАЙ, ОҚУШЫ
Негізі, экотуризм дегеніміз не? Ол – табиғатқа зиян келтірмей саяхаттау.
Мектеп оқушыларының мұндай жобалары экологиялық мәселелерді теория жүзінде меңгеріп қана қоймай, күнделікті өмірде шешудің жолдарын іздеуге мүмкіндік береді. Ұстаздардың айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы осы дағдыны қалыптастыруға ықпал етіп отыр.
ӘЛИЯ ӘЛМЕНТАЙ, №140 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Таза Қазақстан» акциясы – бір күндік шара емес. Ол оқушылардың бойына тазалық пен экологиялық жауапкершілікті сіңіруге бағытталған. Оқушылар өз аулаларында, жол бойында, мектебінде тазалық акцияларына қатысу арқылы қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызын түсінеді.
Табиғатты қорғау үлкен бастамалардан емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден басталады. Қалдықты сұрыптау, қажетсіз заттарды қайта пайдалану, табиғи ресурстарды ұқыпты тұтыну – экологиялық мәдениетті қалыптастырудың алғашқы қадамдары. Бұл құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру – тұрақты тазалыққа бастайтын маңызды жол.