«ТЕКЕМЕТ FEST» – ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ӨРІСІ
Ұлттық өнердің ұмыт қалған үлгілері қайта жаңғырып, дәстүр дәріптелді. Шымкентте қазақтың дәстүрлі қолөнері мен киіз басу өнерін насихаттауға арналған «ТЕКЕМЕТ FEST» этно-фестивалі өтті. Шарада шеберлер бас қосып, түркі халықтарына ортақ мәдени мұра кеңінен таныстырылды. Фестивальдің ерекшелігі мен маңызы туралы тілшіміз тарқатады.
ТІЛШІ:ТАҢНҰР ӘЛІМЖАНҚЫЗЫ
Бүгін қаламызда қазақтың дәстүрлі қолөнері мен киіз басу өнерін кеңінен насихаттауға арналған «ТЕКЕМЕТ FEST» этнофестивалі өтіп жатыр. Мұнда ұлттық құндылықтар дәріптеліп, атадан балаға жеткен өнердің қыр-сыры көпшілікке көрсетілді.
Фестиваль бағдарламасында ұлттық киіз бұйымдарының көрмесі мен текемет жасаудың дәстүрлі әдіс-тәсілдері кеңінен қамтылған. Шеберлер жүнді өңдеуден бастап дайын бұйымды қалыптастыруға дейінгі көне технологияларды – илеу, сабау, түту, тарау, иіру, шүйкелеу, бояу, шабақтау, өр салу және текемет басу үдерістерін көпшілік алдында көрсетіп, шеберлік сабақтарын өткізді.
ЖҰМАБАЙ ҒАППАРҰЛЫ, ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Енді өздеріңіз білесіздер, бұл текемет басу тек өнерге жатпайды. Мен ойлаймын, бұл жерде текемет басу – осы аналарымыздың артынан келе жатқан қыз-келіншектерді ынтымаққа, бірлікке, ауылдың жақсылығын бірге қолдап іске асыруға жасалып жатқан үлкен өнердің бір түрі. Осы өнерімізді жастарымызға көрсетсек деген ниетпен жасалып жатыр.
Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен келген шеберлермен қатар, тәжірибе алмасу үшін Қырғызстаннан қолөнер мамандары да қатысты. Олар бауырлас халықтарға ортақ текемет өнерінің дәстүрі мен өзіндік ерекшеліктерін таныстырды. Шарада «Ғасыр әжелер», «Іскер аналар», «Нұсқа айымдары» топтары мен «Бейісбековтер отбасы» да өз өнерлерін ортаға салды.
ВЕНЕРА ПИРМАТОВА, ҚЫРҒЫЗСТАН ДЕЛЕГАТЫ
Негізі, түркі тілдес елдердің мәдениеті бір-біріне ұқсас, бірақ айырмашылықтары да бар. Біз көп жылдан бері «Өркен» мәдени қоғамдық қорында апалармен жұмыс істеп келеміз. Біздің мақсатымыз – қазіргі буын жасап жатқан дүниелердің барлығын кейінгі ұрпаққа жеткізу. Сол себепті осындай іс-шараларға тәжірибе алмасу мақсатында келеміз.
«ТЕКЕМЕТ FEST» - атадан балаға аманат болып жеткен қолөнер дәстүрін жаңғыртуға бағытталған мәдени жоба. Фестиваль аясында ұлттық өнердің құндылығы көрсетіліп, тарихи-мәдени мұра кеңінен насихатталды. Шара түркі халықтарына ортақ рухани құндылықтарды дәріптеп, дәстүрлі қолөнерді кейінгі ұрпаққа танытуға жол ашты.