Негізгі Жаңалықтар «КЕЛ, ДОСЫМ, ШАРДАРАҒА!»

«КЕЛ, ДОСЫМ, ШАРДАРАҒА!»

Шардара қаласындағы Абай атындағы мәдениет сарайында танымал композитор әрі орындаушы Ахмет Молдағұловтың «Кел, досым, Шардараға!» атты шығармашылық ән кеші өтті. Мазмұнды мәдени шараның негізгі мақсаты – Ахмет Молдағұловтың қырық жылдық шығармашылық жолын кеңінен насихаттап, оның қазақ музыкасы мен ән өнеріне қосқан үлесін дәріптеу, өнер иесіне деген ел ықыласын білдіру.


«Кел, досым, Шардараға!» атты кеш барысында композитордың шығармашылық жолы таныстырылып, әр жылдары дүниеге келген әндері орындалды. Сазгердің әуезді әуенге деген қызығушылығы 18 жасынан басталған. Содан бергі аралықта 60-тан астам ән жазыпты. Қырық жыл – шығармашылық жол үшін үлкен белес. Бұл – үздіксіз ізденіс пен еңбектің, өнерге адалдық пен шығармашылық табандылықтың нәтижесі. Осы жылдар ішінде Ахмет Молдағұловтың туындылары тыңдарман жүрегінен орын алып, өнерсүйер қауымның рухани қазынасына айналды.


 НҰРЛАН ӨНЕРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ
 – Бүгін міне, біздің Ахмет бауырымыздың қаншама әні бұған дейін де талай қазақтың осы көз алдында жүрген танымал әншілерінің ән қоржынында айтылып келе жатқан әндер. Бүгін міне, сахнада елдің алдында екі әнін паш етпекпін. Оның үстіне, өзі айдар тағып, достарын Шардараға шақырып жатыр екен. Сол достарына арнаған әні маған бұйырған екен. Мен бүгін соны елдің алдында орындаймын.


 Шығармашылық кешке елімізге танымал өнер иелері – Досымжан Таңатаров, Жұбаныш Жексенұлы, Бауыржан Исаев және басқа да белгілі әншілер мен ақын-жазушылар қатысты. Кеш қонақтары Ахмет Молдағұловтың танымал әндерін орындап, ақындар арнау-жырларын оқып, мерейтой иесінің шығармашылығына деген ыстық ықыластары мен ізгі тілектерін жеткізді.


ЖҰБАНЫШ ЖЕКСЕНҰЛЫ, ӘНШІ
– Ахметтің Мұқағалидың әніне жазылған «Қайдасың сен?» деген әнін айтамын. Жұрттың құлағына Ахметтің әнінің жетуі – сол жұрттың, елдің кәдімгі табиғатына сай болғаннан кейін шығар деп ойлаймын. Басқа жақтан емес, кәдімгі өзіміздің санамызға сай келетін, талғамымызға түзу келетін әндер жиынтығы.


 АХМЕТ МОЛДАҒҰЛОВ, КОМПОЗИТОР
 – Менің азғантай ғана ыңылымды әуенге балап, кішкентай ғана өнерімді құрметтеп келіп жатқан көрерменге мың алғыс айтамын. Біріміз ән жазайық, біріміз сол әнді орындайық. Ең бастысы, елімізде сол ән тыңдайтындай тыныштық пен тоқшылық болсын.


 Шардара төрінде өткен тағылымды кеш – өнерге құрметтің, шығармашылық еңбекті бағалаудың және ұлттық өнерді дәріптеудің жарқын көрінісі болды. Өнер бар жерде – рух бар. Ән бар жерде – жүрек бар. Жүректен шыққан өнер халықпен бірге жасай береді. Әуезді ән мен сырлы сазға ұласқан концерттік бағдарлама көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, өнерсүйер қауымға әсерлі кеш тарту етті.

Бөлісу