АУАҒА ЗИЯНДЫ ТҮТІН ТАРАП ЖАТЫР МА?
Экологиялық мәселелер қала әкімінің бақылауында. Әлеуметтік желілерде шаһардағы зауыт-фабрикалар ауаға зиянды түтін таратады деген ақпарат тараған болатын. Қала әкімі өндіріс өкілдерімен кездесіп, мәселені талқыға салды.
Қаладағы кейбір зауыт-фабрикалар өндірістік қалдықтарды ретсіз шығарып, ауаға зиянды түтін таратқан. Мұны Экология департаменті байқап, арнайы мониторинг жүргізген.
ЕРМАХАН ҚОЗЫБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
– «Кез келген өндіріс орнында тазарту құрылғысы жұмыс істеуі қажет. Зиянды заттар осы қондырғы арқылы ғана ауаға жіберілуі қажет». «Көп жағдайда түнгі уақытта экономия жасау үшін насостарын өшіріп қояды. Сол себепті түтін жан-жаққа шығып кетеді».
Қала әкімі кәсіпорын өкілдерін жинап, қоршаған ортаға немқұрайлы қарамау керегін ескертті. Өндірістің болғаны жақсы, бірақ ол тұрғындардың денсаулығына зиян тигізбеуі қажет. Ғабит Сыздықбеков әрбір зауыт өкілімен жеке сөйлесіп, қауіпсіздік талаптарын сақтауды тапсырды.
Экология департаменті ұсынған тізімде «Петро Қазақстан Ойл» мұнай өңдеу зауыты да бар. Өндіріс өкілі қала әкімі қойған талаптарды ескеретінін, мекеме ауаға тек арнайы сүзгіден өткен түтін шығаратынын айтады.
МҰХАМЕДЖАН АБЛАЕВ, «ПЕТРО ҚАЗАҚСТАН ОЙЛ ПРОДАКТС» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ
– «Жанған өнімдер мен түтіндерді ауаға 98 пайыз зиянсыз етіп жіберетін арнайы құрылғы бар. Сол сүзгіден өткізеді. Әлемде мұндай 8 ғана құрылғы бар. Соның бірі бізде»
Қазгидрометтің дерегінше, Шымкенттегі ауа сапасының деңгейі көтеріңкі. Бірақ бұл экстремалды қауіп емес. Өндіріс ошақтары мен көлік қозғалысының артуына байланысты ауаға таралатын зиянды заттардың көлемі 31 мың тоннадан 43 мың тоннаға көбейген.
ЕРМАХАН ҚОЗЫБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
– «Оған даурығудың, дүрбелең туғызудың қажеті жоқ. Бұл іспен айналысып жатқан мемлекеттік органдар бар». «Атмосфералық ауа деңгейін бақылап отыратын 6 бекет бар. Деңгей көтеріңкі, бірақ қауіпті емес».
Жиын соңында қала әкімі арнайы мониторинг тобын құрып, өндіріс ошақтарын тексеруді тапсырды. Тексеру тобының құрамына зауыт-фабрикалар маңында тұратын тұрғындар мен қоғам белсенділері, сондай-ақ әкімдік қызметкерлері енеді.