Негізгі Жаңалықтар ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС 30 АВТОКӨЛІК АНЫҚТАЛДЫ

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС 30 АВТОКӨЛІК АНЫҚТАЛДЫ

Шымкентте автокөліктердің экологиялық талаптарды сақтауын бақылау жалғасып жатыр. Атмосфералық ауаға белгіленген нормадан тыс зиянды шығарындылар бөлетін 30 автокөлік анықталды.


 Қала прокуратурасының ұсынысымен экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін көліктерді бақылау мақсатында мегаполисте «Таза ауа» акциясы жүргізілуде. Полиция және Экология департаментінің қызметкерлері шаһардағы 100-ден аса көліктің пайдаланылған газдарының уыттылығы мен түтін деңгейінің талаптарға сәйкестігін тексерді. Нәтижесінде 30 автокөліктен заңбұзушылық анықталып, айыппұл салынды. Мәселен, қала көшелерінің бірінде қара түтіні будақтаған жүк көлігі тіркелген. Тексеру кезінде атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының бұзылғаны анықталды.


 ЕРМАХАН ҚОЗЫБАЕВ, ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
«Қаладағы атмосфералық ауаның нашарлауына және жағымсыз иістің пайда болуына бірден-бір себепкер болатын жағдайлар». «Қала тұрғындары мен жүргізушілерден сұрайтынымыз – өз көліктерін техникалық бақылаудан өткізіп, бұл мәселеге немқұрайлы қарамаса екен дейміз. Рейд кезінде айыппұл салынуы әбден мүмкін. Сондықтан көліктеріңізді бақылаудан өткізіп, фильтрлерін тазалау сияқты шараларды жүргізсеңіздер. Рейд жыл соңына дейін жалғасатынын ескертеміз».


 Экология департменті алдағы уақытта қаладағы қоғамдық көліктердің қоршаған ортаға әсерін бақылауды жоспарлап отыр. Ал, Алматыда жүргізілген тексерулер кезінде 1400-ден астам автобус экологиялық талапқа сай емес екені анықталды. Айта кетейік, Алматыда жыл он екі ай жұмыс істейтін жаңа тау курорты ашылмақ. Зерттеулер бойынша Көкжайлау шатқалында жүзеге асырылып жатқан жобаның экожүйеге теріс әсер етпейтіні анықталған.


Бөлісу