Негізгі Жаңалықтар ЖАСТАР ТРАНСФОРМАТОР ЗАУЫТЫНА ЭКСКУРСИЯ ЖАСАДЫ

ЖАСТАР ТРАНСФОРМАТОР ЗАУЫТЫНА ЭКСКУРСИЯ ЖАСАДЫ

Шымкентте жастар жұмысшы мамандықтарының қыр-сырымен танысты. Қалалық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен ұйымдастырылған экскурсия барысында студенттер «Тассай» индустриялық аймағындағы ірі трансформатор зауытының тыныс-тіршілігіне куә болды. Өндіріс ошағына бас сұққан жас буын өнім шығару үдерісін көзбен көріп қана қоймай, кәсіпорын мамандарымен тілдесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.


 «Тассай» индустриялық аймағында ұйымдастырылған іс-шараға Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің 50-ге жуық белсенді студенті қатысты. Арасында Диорбек Рахымжан да бар. Ол электроэнергетика мамандығы бойынша білім алады. Сөзінше, мұндай экскурсия білімін жетілдіруге және болашақта білікті маман болуға көмектеседі.


 ДИОРБЕК РАХЫМЖАН, СТУДЕНТ
 «Көрсетіп жатқан экскурсиядан өзіме көп нәрсе біліп жатырмын. Өйткені болашақта осы мамандық бойынша жұмыс істеймін. Трансформатордың қалай құрастырылып жатқаны өте қызық болып жатыр. Маған трансформатордың қалай жиналатыны қызық болды. Электрикасы, металдармен қалай жиналатыны сол жағы қызық болып жатыр».


Экскурсия барысында қатысушылар кәсіпорынның өндірістік үдерісімен, заманауи технологиялармен және трансформаторларды дайындаудың негізгі кезеңдерімен танысты. Сонымен қатар мамандар өндірістегі қауіпсіздік талаптары мен жұмыс ерекшеліктері туралы ақпарат берді.


ҚУАНЫШ СЕРІКБАЙ, «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» КММ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Біз бүгін трансформатор шығаратын зауытқа арнайы мамандығына сәйкес студенттерді алып келіп отырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз – жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алу. Теориямен салыстырғанда, практика жүзінде жақсылап түсінсін деген оймен студенттерді арнайы алып келдік. Өз қызығушылықтарымен трансформатордың қалай құрастырылатыны, жалпы үдеріс жайында мамандардан түсіндірме алған кезде жастар тарапынан өте қызықты сұрақтар көп болды».


Айта кетейік, мұндай өндірістік турлар мен экскурсиялар студенттердің өз мамандығына деген қызығушылығын арттырып, өнеркәсіп саласының маңызын түсінуге көмектеседі. Сондай-ақ болашақта жұмысқа орналасуына септігін тигізеді.

Бөлісу