ҚАРИЯЛАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Түркістандық қариялар құрметке бөленді. Халықаралық қарттар күніне орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров елге қызмет еткен 50-ден астам еңбек ардагеріне, тыл еңбеккеріне және зиялы қауым өкілдеріне ерекше көңіл бөлді.
Өңір басшысы қарияларды Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында қарсы алып, кесенеге зиярат жасады. Құран бағышталып, елдің амандығы, халықтың бірлігі мен кейінгі ұрпақтың игілігі үшін дұға жасалды. Зиярат барысында Нұралхан Көшеров ардагерлермен емен-жарқын әңгімелесіп, олардың өмір жолы мен елге сіңірген еңбегіне құрмет білдірді. Бүгінде Түркістан облысында 212 мыңнан астам зейнет жасындағы азамат тұрады. Өңірде 3 Ұлы Отан соғысының ардагері, 2 145 тыл еңбеккері және 100 жастан асқан 39 қария бар. Облыста ардагерлерді әлеуметтік қолдау, олардың өмір сүру сапасын арттыру және қоғамның белсенді өміріне араласуына жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Облыс әкімі мен ардагерлер «Қолөнершілер» орталығына барып, жергілікті шеберлердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдар қойылған жәрмеңкемен танысты. Мұнда олар дәстүрлі қолөнерді дамыту, ұлттық өнерді дәріптеу және оны кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тамашалады. Аға буын өкілдері шеберлермен пікірлесіп, ұлттық қолөнердің тәрбиелік және мәдени мәніне тоқталды. Өңірдің еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері жас шеберлердің еңбегіне ризашылығын білдіріп, дәстүрлі өнердің сабақтастығын сақтаудың маңызын атап өтті.
Салтанатты шара Түркістан музыкалық драма театрында жалғасты. Қариялар «Вальс королі» қойылымын тамашалады. Театрдағы жүздесу барысында ардагерлерге мәдени тынығуға мүмкіндік жасалып, мерекелік көңіл күй сыйланды. Өнер ордасында бас қосқан аға буын өкілдері қойылымды тамашалап, театр ұжымының шығармашылығына ризашылығын білдірді. Қойылымнан кейін облыс әкімі мен ардагерлер келесі іс-шара өтетін орынға қоғамдық автобуспен бірге барды. Жол бойында Нұралхан Көшеров аға буын өкілдерімен еркін әңгімелесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Мерекелік құрметтік жиын ақ дастархан басында жалғасты. Кездесу барысында бір топ ардагер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар аға буын өкілдеріне облыстық мәслихаттың және «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің «Құрмет белгісі» төсбелгісі, «Құрмет» грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Қариясын құрметтеген елдің қазынасы мол. Сіздердің өмір жолдарыңыз бен елге сіңірген еңбектеріңіз – кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Біз әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Ардагерлер – еліміздің алтын қоры.
Облыстық ардагерлер кеңесінің марапаттары қатарында «Ел ағасы» және «Аялы әже» номинациялары да болды. Сонымен бірге аға буын өкілдеріне Грамота мен Алғыс хаттар табысталды. Марапаттау рәсімі ардагерлердің ел өміріндегі еңбегін бағалап, олардың қоғамдық белсенділігі мен кейінгі ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.