ГАЗ ДАБЫЛ ҚҰРЫЛҒЫСЫ ОРНАТЫЛДЫ
Қыс мезгілі жақындаған сайын қауіпсіздік мәселесі де өзекті бола түседі. Бүгін газ бақылау басқармасының өкілдері мен төтеншеліктер Спорт шағынауданында профилактикалық іс-шара өткізді. Бұл аумақта өткен жылы бір қайғылы оқиға тіркелді. Мұның алдын-алу үшін сала мамандары тұрғындармен кездесіп, газ бойынша қауіпсіздік талаптарын түсіндірді.
Қауіп аяқ астында. Жылыту пештерін пайдалануда қарапайым ережелерді елемеудің соңы орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін. Түсіндіру жұмысын жүргізген мамандар газ құрылғылары мен мұржалардың жарамдылығын тексерді. Сондай-ақ, қандай да бір қауіпті жайт орын алса, дереу тиісті қызметке хабарласу қажеттігін айтты.
ЖАНДОС ОРДАБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ «ГАЗ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ» КММ БАСШЫ ОРЫНБАСАРЫ
Газ мамандары мен төтеншеліктермен бірге көпқабатты тұрғын үйде улы газдан уланудың алдын-алу мақсатында түсіндіру жұмысын жүргіздік.Бұл аумақтарда тұрғындардың талабы ескеріліп, газға қатысты шағым айтылған жағдайда газдан уақытша ажыраттық.
Соңғы жылдары газдан улану мен өрт оқиғалары жиілеп кеткендіктен, жергілікті билік пен демеушілер арнайы меморандум жасап, үйлерге улы газды анықтайтын датчиктер орнатуды қолға алды. Мамандардың айтуынша, бұл қондырғылар тұрғын үйдегі газ деңгейін бақылап, қауіпті жағдайда белгі береді.
ӘБДІҚАЙЫР БЕЙБІТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Негізі үйде кішкентай балалар бар, ашып жібереді деп қорқатын едік. Бүгін келіп тегін түрде газ қондырғысын орнатты. Енді уайым жоқ. Мамандар жиі келіп тексереді. Газдың құбырларын, құрылғыларын тексеріп тұрады.
Қауіпсіздік – сақтықтан басталады. Сондықтан әрбір тұрғын жылыту маусымында белгіленген талаптарды қатаң сақтауы қажет.