Негізгі Жаңалықтар БІРНЕШЕ ЕЛДІ МЕКЕНДІ СУ БАСТЫ

БІРНЕШЕ ЕЛДІ МЕКЕНДІ СУ БАСТЫ

Қазығұрт ауданында ауа райының күрт құбылуынан бірнеше елді мекенді су басты. Әсіресе таулы аймақтарда нөсер жауынның мөлшері шамадан тыс көп болған. 1 қазан күні кешкісін жауған жауынның салдарынан тұрғын үйлердің аулаларына су кіріп, кей жерлерде сел жүрген. Алдын ала мәлімет бойынша, адам мен мал шығыны жоқ.


Тұрбат, Шарбұлақ, Алтынтөбе және Жігірген ауылдарында нөсер жауыннан кейін өзендердің су деңгейі көтеріліп, арық-атыздар мен қыр-сайлардан аққан су елді мекендерге жайылған. Салдарынан бірқатар тұрғынның аулаларын су басқан. Төтенше жағдай тіркелген сәттен бастап жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары оқиға орнына жедел жетіп, су басқан аумақтарда тиісті жұмыстарды бастаған.


 БАЛНҰР САТЫБАЛДЫ, АҚБАСТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Мен үйге асығып келе жаттым.Мұндай апат болатынын білдім.Үйге келсем, жертөлені су басыпты.Дереу төтенше жағдай қызметіне хабарластым.Олар хабардар екенін айтып, бізге қарай қызметкерлерді жіберді.


 Қазіргі таңда негізгі күш су басқан аумақтарды тазартуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жұмысқа 12 арнайы техника мен 200-ден астам адам жұмылдырылған. Мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеп, аулалардағы лай-батпақты тазалап, су жүретін арық-атыздарды ретке келтірді.


 КАМШАТ ИСАҚОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
Екі сайдан келген жауын үйіміздің ауласын басып қалды.Қазір жердің бәрі су болып жатыр.Мына еріктілер келіп, көмек көрсетіп жатыр.


 Қазірдің өзінде 21 үйдің ауласы тазартылған. Аудан бойынша сел жүрген елді мекендерде тазарту және қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.


 НҰРСҰЛТАН МЕДЕУОВ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
 Қазір 200-ге тарта еріктілерді жұмысқа тарттық.Үйге кірген суларды шығарып жатыр қазір.Төтенше жағдайды алдын-алу бойынша жұмыстар алдағы уақытта да атқарылады.


Апаттан кейінгі жұмыстарға 200-ге жуық жас пен ерікті де атсалысты. Мекеме қызметкерлерімен бірге олар арық-атыздарды, көшелер мен тұрғын үйлердің аулаларын тазалап жатыр. Қазір Қазығұрт ауданында жағдай тұрақталып, зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізулуде.


Бөлісу