Негізгі Жаңалықтар ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Балалардың қуанышында шек жоқ. Бәйдібек ауданының Теректі ауылында заманауи үлгідегі модульдік спорт кешені ел игілігіне тапсырылды. Салтанатты шара барысында жаңа нысанның лентасы қиылып, мүмкіндіктері таныстырылды.

Жалпы құны 218,501 млн теңгені құрайтын спорт нысаны «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен бой көтерді. Жиында сөз алған азаматтар жаңа кешен ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына мол мүмкіндік беріп, бұқаралық спортты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.

 БАНУ НҰРҒАЗИЕВА, «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫ ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
 Түркістан жерінен чемпиондар шығып жатыр. Бәріміз қуанамыз. Болашақта осы спорт кешенінен мықты спортшылар шықсын.

Жаңа кешен Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Бәйдібек аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің иелігіне берілді. Бүгінде спорт мектебінде спорттың 9 түрі дамытылып, жас спортшылар жүйелі түрде жаттығады.

 ҰЛЖАЛҒАС НҰРЛЫБЕК, ОҚУШЫ
Бізге осындай зал ашып бергендерге үлкен рақмет. Тоғызыншы сынып оқушыларымыз, сабақтан бос уақытымызда осында үйірмеге келеміз. Бапкерлерімізге үлкен алғыс айтамыз.

Бұл нысан Теректі ауылының балалары мен жастарына спорттық шеберлігін шыңдап, биік белестерді бағындыруға жол ашатын маңызды спорттық база болмақ.

Бөлісу