ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ
Жапонияда өткен Азия ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған жерлесіміз Нұрғиса Әділетұлы елге оралды. 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған спортшыны бүгін Шымқала жұртшылығы құшақ жая қарсы алды.
Бұл Сары құрлық додасында топ жарған Нұрғисаның алғашқы жеңісі. 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған ауыр атлет жұлқа көтеруде 177 келіні, серпе көтеруде 217 келіні еңсерді. Қос жаттығудың қорытындысында 394 келі нәтиже көрсетіп, Азия ойындарының күміс медалін иеленді. Ақтық сынға дейін жігерін жанып, ел сенімін ақтауға барын салған спортшы жарыс жолы оңай болмағанын айтады.
НҰРҒИСА ӘДІЛЕТҰЛЫ, АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ
Менің басты қарсыласым ирандық спортшы болды. Ол мықты болып тұрды, менен басым түсті. Мен үшін ауыр жарыстардың бірі болды десем де болады.Әлем чемпионатында бұлай қиналмап едім.Алда үлкен жарыстар бар, әлем чемпионаты өтеді.Енді соған дайындаламыз.
Елге жеңіспен оралған саңлақты әуежайдан жанкүйерлері мен қала жұртшылығы күтіп алды. Ақжолтай тілектерін арнаған көпшілік жүлдегерге гүл шоқтарын ұсынып, ыстық ықыласын білдірді. Қуаныш иелерінің қатарында ауыр атлет федерациясының өкілдері де бар.
МҰРАТ ЖОЛДЫХОЖАЕВ, ҚР АУЫР АТЛЕТИКА ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ
Бұл-біздің Шымкент пен Қазақ елі үшін үлкен жетістік деп санауға болады.Еліміз бойынша ауыр атлетиканың Шымкентте ғана мектебі бар.Алдағы уақытта бес ауданда мектеп ашу жоспарда бар.
Нұрғиса мұндай жеңістерден құр алақан емес. Ол 2024 жылы өткен әлем чемпионатында қарсыластарына шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. Ал Азия ойындарында ел мерейін үстем еткен спортшының бұл жетістігі – тынымсыз еңбектің нәтижесі.