Мегаполисте  қоғамдық-саяси ахуал қандай? Өңіріміздегі  өзекті мәселе не? Жастар саясаты қалай жүзеге асып жатыр? Бұл сұрақтардың жауабы  Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Алқа мәжілісінде айтылды.  2023 жылдың қорытындысы мен 2024 жылдың 1-тоқсанындағы атқарылған жұмыстар баяндалды.   

Алқа мәжілісінде басқарма басшысы Бахтияр Өнербаев мекеменің - жастар саясаты және отбасы, азаматтық қоғамды дамыту, қоғамдық-саяси ахуалды сөз етті.  Сонымен қатар  этносаралық қатынастар, ақпараттық саясат салалары бойынша тоқталып, атқарылған жұмыстар туралы баяндап өтті.

 Мәжіліс барысында қатысушылар тарапынан бірқатар маңызды мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев– азаматтардың патриоттық сезімін ояту, ұлттық құндылықтармен тәрбиесі туралы ойын жеткізді.

Қазақстан Журналистер Одағы ШҚФ төрағасы, «Оңтүстік» телеарнасының директоры  Уәли Қыдыр  мемлекет саясатын жүзеге асыру жолында тер төккен   журналистердің мәртебесін көтеру керектігін атап өтті.  Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын, көрсетілетін қызметтердің құнын айқындайтын қала әкімінің қаулысына өзгерістер енгізу  керектігін жеткізді. Шымкентте жаңалықтың минутына бөлінетін қаржы еліміз бойынша ең төменгі баға. Билік ақпарат саласына көңіл бөлу керектігін қадап айтты.  Себебі арналар ұлт тәрбиесінің   құралы.

Жалпы елімізде жастармен ерексектер арасында байланыс кеміп барады. «Аманат» партиясы ШҚФ атқарушы хатшысы Жанар Бектаева жастар тәрбиесі, жастарға арналған арнайы алаң құру, қоғаммен өзара іс-қимыл мәселелері жайында баяндады.

 Жиын барында мегаполистің мәртебесін арттыратын түрлі ұсыныстар айтылды.  «Серпіліс» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова азаматтық қоғам институттарының белсенділігін арттыру жұмыстарын жетілдіру жолдары туралы  ойын жеткізді. Шымкент қалалық славян этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Наталья Романова– жастарға түрлі қолдау шараларын ұйымдастыру мен этносаралық қатынастар мәселелері жайында баяндады. Ал «Ресми-Фактор» газетінің бас редакторы Әлия Ортаева журналистік этиканы сақтау және құқықтық сауаттылығы мен мәдениеті арттыру бағытындағы арнайы іс-шараларды қолға алу туралы ұсыныстарды айтты.Сонымен қатар, Алқа мәжілісінде бірқатар қоғам белсенділері сөз алып, оз ойлары ұсыныс-пікірлерін ашық білдірді.