Мегаполистің шалғай тұрғын алаптарында көктем шыға кенеге қарсы жұмыстар қызып тұр. Санитарлар  Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу шараларына шұғыл кіріскен. 

Былтыр бір ғана  Еңбекші ауданында  124 адамды кене шаққан. Абырой болғанда жарақат алғандардан   қауіпті жұқпалы ауру белгілері анықталмаған. Биылдың өзінде кенешағу фактісімен 19 жағдай тіркелген. 2023 жылы аудан аумағынан  1677 кене теріліп зерттеу жүргізілген. Соның бір жағдайы   Бадам бір елдімекенінен оң нәтиже  шыққан. Яғни Бадамнан алынған кене  жұқпалы ауру тарата алады.  

 Қауіпті жәндік табылған аумақ санитарлық қорғау аумағы болып белгіленеді. Ол жерде залалсыздандыру жұмыстары басталады.  Санитарлық-эпидемиологиялық станция техникаларымен мал жайылымдар мен иірім тоғайларда бүрку жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс нәтижелі болу үшін үй, қора жайларды ветеринариялық қызмет өкілдері  қатар залалсыздандырып жатыр. Қауіпті сейілтіп қора жайын арнайы келіп залалсыздандырған  мамандарға тұрғындар дән разы.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – бұл вирус  қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру, науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін. Аурудың инкубациялық кезең 1-14 күнге дейін созылады, бұл кезеңнің ұзақтығы вирусты жұқтыру жолына байланысты болады.