79 жыл. Сұм соғыстың аяқталғанына 79 жыл. 1945 жылдың көктемінде 8 мамыр күні Кеңес әскерлері жеңгенін жариялап, ту тіккен болатын. Ал екінші дүниежүзілік соғыстың өзі 2 қыркүйекте Жапонияның тізе бүгуімен аяқталды.

Бүгінде Қазақстанда «Жеңіс культінен» айырылу процесі жүріп жатыр. Бұрын болған парадтар ескіріп қалды, 9 мамыр мереке боп саналғанымен, культ емес, тарихтың бір бөлігі, қазақстандықтардың шексіз, көзсіз ерлігінің көрінісіне айналғандай. Бұл датаға орай түрлі мекемеде арнайы іс-шаралар өтеді, мақсат біреу - өскелең ұрпаққа соғыстың қандай ауыр екенін, бейбіт күннің бағасы тым жоғарылығын көрсету, қадірін ұқтыру. Сонымен қатар, санаулы ғана қалған соғыстың тірі куәлерінің көңілін аулау мен олардың әңгімесін тыңдап қалу.

Посткеңестік елдерде осынау алапат соғыстың негізгі себепкері ретінде фашистік Германияның саясатын көрсетеді. Алайда, бұл соғыс дүниежүзілік болғандықтан, факторлар тым тереңде жатқанын бүгінде ашық дереккөздерден қарап, оқып жатыр. Негізгі 5 майданда өткен соғыс ешкімге аяушылық танытқан жоқ. Алып империялардың күресінен қарапайым халық көп зардап шекті. Бүгінде сол соғысқа қатысып, көзсіз ерлік көрсеткен батырлар көпке үлгі болған, тарихта есімі алтын әріппен жазылған ардагерлерге айналып отыр. Естеріңізде болса, «Ұлы Отан соғысы» теримині тәуелсіздік алғаннан кейін де 30-жылға жуық қолданылып келді. Кейіннен зиялы қауым өкілдері бұл терминді ұмыту қажеттігін, біздің бір ғана Отанымыз Тәуелсіз Қазақстан деп, 1941-45 жылдардағы майданды «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп қана атауды ұсынып, қазір енгізіліп келеді. Айта кетейік, қазақстандықтар 9 мамыр Жеңіс күнінде ресми демалады.