Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ескек есу және желкенді спорт қауымдастығы Жапония мен Оңтүстік Кореяда өткен лицензиялық Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсетті. Лицензиялық жарыстың нәтижесінде ел құрамасының сапында жарыс жолына шыққан Түркістандық ескекшілер жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.

Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ескек есу және желкенді спорт қауымдастығының төрағасы, облыстық су спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Денис Жәрменов қабылдап сый-құрмет көрсетіп, алдағы жоспарымен бөлісті.

Денис Жәрменов, Түркістан облыстық су спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры
- Жапония мен Оңтүстік Кореяда өткен лицензиялық Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсетіп жатырмыз. Әсіресе Түркістандық спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетті. Енді Париждегі ескек есу каналына анализ жүргізіп жатырмыз. Мысалы желдің соғу бағыты да ескек есуге тікелей әсер етеді.  Сондықтан ескекшілерді әр түрлі ауа райы жағдайына дайын болуы қажет. Түркістанда құрылысы жүріп жатқан ескек есу каналы жайында айтар болсақ, ол барлық талапқа сай болатын жаңа кешен болмақ. Құрылыс аяқталған соң Түркістан қаласы ескек есу спорт түрінің орталығы саналмақ.

Жерлестеріміз әр түрлі бағдарлама бойынша 14 медаль олжалады. Оның ішінде 7 алтын, 5 күміс және 2 қола қанжығалап, өңір мерейін асқақтатты.

Құрлықтық додада саңлақтар Париж Олимпиадасының үш лицензиясын иеленді. Олардың қатарында ескек есуден Владислав Яковлев, байдарка мен каноэде есуден Бекарыс Раматулла мен Сергей Токарницкий сынды таланттар бар.

Владислав Яковлев, ескек есуден лицензия иегері
- Кореяда өткен жарыс сәтті аяқталды. Бірінші орынға жайғасып,олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алдық.  Жарыста азияның кіл мықтылары сайысқа түсті.  Енді олимпиада ойындарына дайындық басталып кетті. Басты мақсат Париждегі жарысқа қатысу. Ол үшін бар күшімізді салып дайындалып жатырмыз. Ол жақтың ауа-райы біздікінен өзгеше, жел болып тұрады. Дайындық кезінде осыған ден қоямыз.

Түркістандық ескекшілер еліміздің ұлттық құрамасының негізгі тірегі болып табылады. Түркістан қаласының өзінде олимпиадалық стандартқа сай елде теңдесі жоқ ескек есу каналының құрылысы аяқталуда. Қазір лицензия иегерлері мен олардың жаттықтырушылары төрт жылдықтың басты спорттық жарысы – Олимпиада ойындарына дайындық процесін бастады.