Премьер-Министрдің отандық өндірісті қолдауға қатысты тапсырмасын орындау аясында вице-премьер Серік Жұманғарин Шымкентке келді. Құрылысы жүріп жатқан  көпфункционалды қойма кешенімен танысқан ол жұмыс істеп тұрған ірі өндіріс  ошағына барды.

 Шымкент қаласының көлік-логистикалық орталығының аумағында ауданы 5 гектарды құрайтын «НМИ-Юг» ЖШС көпфункционалды қойма кешені салынуда. Жобаның құны 10,2 млрд теңгені құрайды. Құрылыстың бірінші кезеңін биыл аяқтау жоспарлануда, құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға орындалған. Қойманың жалпы ауданы 22 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда 107 жұмыс орны ашылады. Кәсіпорынның негізін қалаушы Айжан Наимбекованың айтуынша, бұл икемді климаттық бақылау жүйесі бар және тоңазытқыш камераларының температурасын Цельсий бойынша -18-ден +4 градусқа дейін реттей алатын А+ санатындағы қойма болмақ. Бұл тауарлардың ең кең ассортиментін сақтауды қамтамасыз етеді.

Сапар барысында вице-премьерге «Alsera kz» ЖШС жылыжай кешенін салу жобасы таныстырылды. «Бозарық» индустриалды аймағында түріктің Alarko Holding компаниясы 650 миллион доллардың инвестициялық жобасын жүзеге асыруда. Ол жаңа технологияларды қолдану арқылы 500 гектар аумақта кезең-кезеңімен іске қосылады. Олар мұнда қияр, қызанақ, бақша, тамыржемісті және басқа да дақылдарды өсіруді жоспарлап отыр. Бұл қызанақ пен қияр өсіретін Шымкенттегі ең ірі жылыжай кешені болмақ. Кәсіпорын 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков КЛО  аумағында жүзеге асырылатын басқа да жобалар туралы да хабардар етті. Серік Жұманғарин жүзеге асырылып жатқан жобалардың келешегін жоғары бағалап, мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін, өйткені олар аграрлық сектордағы мемлекеттік саясаттың өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу мақсатына сай келетінін атап өтті. Вице-премьер «AZALA Textile» ЖШС дайын тоқыма өнімдерін өңдейтін және шығаратын Қазақстандағы ең ірі және жалғыз толық циклді тоқыма фабрикасында болды. Кәсіпорында 475 адам жұмыс істейді. Бірегей тоқыма фабрикасы иірілген жіптен тоқыма бұйымдарына дейін ондаған өнім түрлерін шығарады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 6800 тоннадан астам иірілген жіп пен 14 миллион желілік метр сұр мата. Бұл экспортқа бағытталған кәсіпорын: ол көршілес елдерге, атап айтқанда, Литва, Германия, Италия, Польша, Бельгия, Дания, Латвия және Түркияға өз өнімінің 70%-ға жуығын жеткізеді. Өндірістік цехтарды тексеру және фабрика басшылығымен әңгімелесу қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин мемлекет мұқтажы үшін отандық тоқыма өндірушісінің өнімін сатып алуды арттыру мүмкіндігін зерделеуді тапсырды.