«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өз жалғасын табуда. Бүгінгі «Өнегелі ұрпақ» атауымен өткізілген тазалық акциясында № 10-шы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ауласына тазалық жұмыстары  жүргізілді. Шымкент қаласының әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты мекеменің сыртқы қабырғалары мен ағаштар ақталып, көгал артық шөптен тазартылды.

 Қазыналы қариялардың паналап отырған №10-шы қалалық қарттар үйінде 50-ге жуық  қария тұрады.  Орталық стационарлық  бағытта қызмет көрсетеді. Мұнда егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсету мүмкіндігі жоқ қарттар мен І-ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар да тұрады. Бір айға жоспарланған «Таза Қазақстан» акциясы бүгін тап осы жерде жалғасты.

«Тазалық денсаулық кепілі»- дейді ақылы дария қариялар. Еңбек мерекесі Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков те өз үлесін қосып, ақсақалдармен емен-жарқын әңгіме- дүкен құрды. Үлкендер де дән разы.

 Тазалық шарасы апта сайын миллионды мегаполистің бірқатар аумақтарында жүзеге асуда. Бүгін де «өнегелі ұрпақ» апталығы  қала саябақтарында , ардагерлер үйінде, көпқабатты үйлердің ауласында жүріп жатыр. Сондай-ақ, 4-ші мөлтекаудандағы көпқабатты үйдің ауласы да абаттандыру жұмысынан тыс қалмады.  

Науқан 5 аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар. Келесі меже: «Мөлдір бұлақ» деп аталады. Жоба аясында шаһардағы өзен-көлдердің айналасы айнадай таза күйге енеді. Су қойма, арық-атыздың жағасы күл-қоқыстан арылып, тасқыннан келер қауіптің алдын-алу жұмыстары жүргізілмек.