Футболдан премьер лига командаларының арасындағы 5-тур ойындары аяқталды. Шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында Петропавлдің «Қызылжар» командасын қабылдап, 1:1 есебімен тең тарқасты.

Шыны керек, Ел чемпионы атанған Шымкенттің «Ордабасы» командасы биылғы Қазақстан чемпионатының бірінші турынан өз жанкүйерлерінің көңілінен шықпай келеді. «Қызылжар» командасы оcал емес. Али Алиев баптайтын қызылжарлықтар алаңда бір деңгейде өнер көрсетіп келеді. «Ордабасы» үшін қарсыласы «Қызылжар» футболшылары әрқашан да қиын командалардың қатарында. Сондықтан да шымкенттіктер бұл кездесуге өте сақтықпен шықты. Дегенмен, Петропавлдан келген ойыншылар бірінші минуттан-ақ тізгінге ие болды. Бірден
шабылдауға шықты. Осының нәтижесінде ойынның бірінші таймы толықтай
қонақтардың басымдылығымен өтті. Осы толассыз шабылдаудың қорытынсында Евгений Березкин ордабасылықтардың қателігін пайдаланып, есеп ашты. Есеп 0:1. Ал, мачтың екінші таймда Александр Седнеев басқаша тактика қолданып, ойынның нүктесін табуға бар күш-жігерін салды. Ойынға алмасып шыққан Бауыржан Исламханның келуімен «Ордабасы» командасы бірнеше жойқын шабуылдар ұйымдастырды. Соның арқасында команда капитаны Асхат Тағыбергеннің жойқын соққысы қақпа бағанасына тиіп кері қайтты. Ал, ойынның 52-ші минутында Сергей Малый стандартты берілген допты қақпаға бағыттып, есепті теңестірді. Есеп 1:1. Бұдан соң «Қызылжар» командасы қарап қалмады. Қонақтар кезекті рет тағы да бір гол салған еді, алаңдағы төреші оны есепке алмады. Дәл осындай жағдай, «Астана» мен «Тобылдың» арасында да орын алды. 2:3 есебімен жеңген Тобылдың бір голы есепке алынбады. Ал, осы кезде Астананың «Жеңіс» командасымен күш сынасқан Түркістан облысының намысын қорғайтын «Тұран» командасы жергілікті командадан 1:0 есебімен жеңіліс тапты. Турдың ең қызықты орталық ойыны Алматы қаласындағы орталық стадионында «Қайрат» командасы мен «Ақтөбе» футболшыларының арасында өтті. Аса тартысты өткен кездесу ақтөбеліктердің тамаша жеңісімен аяқталды. Сондақ- ақ олар турнир кестесінің бірінші орынына көтерілді. Ал, «Қызылжар» командасы екінші орынға жайғасты. Осы тур ойындарынан кейін
чемпионаттың алтын медаліне үмітті алты команда шығып отыр. Айта өтерлігі, келесі тур ойындарында «Тұран» командасы Шымкентте «Астананы» қабылдайды. Сырт алаңда «Ордабасы» командасы Семейдің «Елімай» ойыншыларымен кездеседі.


Илияс ЖОЛДАС