Шымкенттік құтқарушылар Ақмола облысында су тасқынына қарсы жұмыстарды толық орындап, тұрақты орналасу пунктіне оралды.  Оларды салтанатты түрде әріптестері мен туыстары күтіп алды.

Жиын барысында Шымкент қаласы ТЖД бастығы генерал-майор Қ.Базарбаев авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізген құтқарушыларға алғыс айтып, бірлескен әрекет пен   күш-жігер қиын кезеңді еңсеруге көмектескенін атап өтті.

Шымкент қаласы ТЖД күштері мен құралдары Ақмола облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысты. Олар  28 наурыздан бастап Ақмола облысының Аршалы, Атбасар, Целиноград аудандарында  тәулік бойы су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізіп, дамбыларды нығайту үшін инертті материалдармен толтырылған  21270 қап төседі, сондай-ақ 100 480 текше метр су сорды.

Тұрғындарының атынан  шымкенттік құтқарушылардың кәсіби түрде, уақтылы және нәтижелі атқарған жұмыстары үшін алғыс сөздер  айтылып,  облыс  әкімінің алғыс хаты табысталды. Еске сала кетейік: Ақмола облысына Шымкент қаласы ТЖД 40 жеке құрам, 5 бірлік техника, 15 дана мотопомпа, 1 бірлік қайық жіберілген болатын.