Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды штаб мүшелерімен бірге Арыс қаласына барып, аса қауіпті үйірлі шегірткенің марокколық түрімен күрес жұмыстарының барысымен танысты. Өңделген аумақтарды аралап, мамандармен биологиялық тиімділікті бақылады.

Облыс әкімі бірер күн бұрын басталған химиялық өңдеу жұмыстары бойынша жауаптылардың жұмысын сынға алды. Қазіргі ахуалға алаңдаған аймақ басшысы жауаптыларға қосымша талап қойып,оларға жауапкершілігін арттыруды ескертті.

Пестицидтерді сатып алу және оларды сақтау, тасымалдау және қолдану қызметтері сынды үйірлі шегірткелерден қорғау іс-шараларын ұйымдастыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Еліміз бойынша шегірткемен күрес жұмыстарына ҚР ауыл шаруашылығы министргі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті жауапты.

Облыс әкімі болжамшылардың мәліметімен өткен жылмен салыстырғанда биылғы таралу аймағының бірнеше есе ұлғайып, 270 мың гектардан асқанын айтты. Тиісінше, шығын да өскен. Аймақ басшысы келер жылы оның көлемін 3 есе азайту бойынша жұмыс жүргізу керектігін ескертіп, өңірде қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында, химиялық өңдеу жұмыстарын 25 күнде аяқтау жоспарланған. Облыс әкімі бұл жұмыстарды ширатып, 10 күнде аяқтауды міндеттеді.

Түркістан облысы марокко шегірткесі көп таралған өңір болып табылады. Атап айтқанда, негізгі ошақтары Арыс, Сарыағаш, Келес аудандары болып табылса, соңғы жылдары Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт, Төлеби, Сауран, Шардара және Отырар аудандарында да кездесуде.  Аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы күрес жұмыстары ауа райы ерекшеліктеріне қарай аудандарда жаппай сәуір айының 16-ы күнінен басталды. Бүгінгі күнге облыс бойынша 15 мың га марокко шегірткесінің ошақтары химиялық жолмен өңделіп отыр.