Қазақстанда "Отау" жаңа ипотекалық бағдарламасының шарты өзгертілді. Енді тұрғын үйге жатпайтын жылжымайтын мүлкі мен жалпы жекешелендірілген тұрғын үйдегі үлесінің болуына байланысты өтініштері кері қайтарылған қазақстандықтар қайта өтініш бере алады. Бұл туралы  "Отбасы банк" мәлімдеді.

Осы уақытқа дейін бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүліктің болмауы туралы тармақ жүйемен автоматты түрде тексеріліп келген. Бұл мемлекеттік дерекқорлармен бірігу арқасында мүмкін болды. "Бірақ бұл жағдайда олардан жылжымайтын мүліктің болуы туралы тек оң немесе теріс жауап қана келді. "Тұрғын үй" немесе "тұрғын үйге жатпайтын" жылжымайтын мүлік түрлері бойынша ақпарат жеке-жеке бөлінбеді. Сондықтан, көлікжай, қоймасы, ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған жер учаскесі немесе ортақ жекешелендірілген тұрғын үйдегі үлесі бар көптеген қазақстандықтардың "Отау" бағдарламасына қатысу туралы өтінімдері қабылданбай кері қайтарылды", - делінген банк хабарламасында. Енді меншігінде тұрғын үйге жатпайтын жылжымайтын мүлкі бар салымшылар "Отау" бағдарламасына қайта өтініш жолдай алады. Мұны 22 сәуірден 30 сәуірге дейін Баспана маркет порталында жасауға болады. "Отау" бағдарламасы бойынша өтінімдер жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қабылданады. Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін банк тізімді саралап, оны порталда жариялайды. Содан кейін үміткерлерге несиелік өтінім беру үшін шамамен 40 жұмыс күні берілетіні айтылды. Клиентке несие беру мақұлдауса, баспана табуына тағы 6 ай уақыт беріледі.