Бурабайда Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы қарсаңында төрт бағытты қамтитын шағын секциялық жиындар өтті. Құрылтай мүшелері көтерген мәселелер мен айтқан ұсыныстар пысықталды. Әрі алдағы кезеңде атқарылатын іс-шаралар жоспарына енгізілді. Ақмола облысы


 Ұлттық құндылық, елдік мүдде қаузалатын алаңда бүгін қарбалас. Сан түрлі саланы өкілдері еліміздің әр аймағынан жиналып жатыр.

 Құрылтай мүшелері алдымен өткенді екшеп, сосын болашаққа бағдар жасады.  


 Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Ұлттық құрылтай ашық диалог алаңынна айналудың, қоғамдық пікірлерді алға жылжытудың негізгі тірегіне, сонымен қатар, облыс орталықтары ғана емес, алыс өңірлерден келген мәдениетке, ғылымға, шаруадан болсын, еңбек адамының көзқарасының тоғысқаны, нақты стратегиялық тұжырымдар алаңы деп білемін



Айя Мүтәлі, Тілші:
Бұған дейін Ұлытауда өткен алғашқы жиында 42,  Түркістанда - 106 ұсыныс түскен. Атырауда өткен басқосуда 149 бастама көтеріліп, тоғыз заң қабылданды. Оның ішінде әйел құқығы мен бала қауіпсіздігі, вейп саудасына тыйым салу, вандализм мен ойын бизнесін шектеу туралы құжат бар. Бурабай төрінде қаузалған мәселелер мен бастамалар да аяқсыз қалмайды дейді белсенділер.


Бүгін 4 бағыт, 4 тақырып бойынша шағын отырыс өтті. Мәдениет пен руханият, азаматтық қоғам, білім және ғылым, әлеуметтік экономикалық даму мәселелері талқыланды. Сарапшылардан салмақты ой түсті. IV ұлттық Құрылтай хатшысы Аида Балаева өзі модераторлық еткен секция жұмысында 120-дан аса бастама көтерілгенін айтады.


АИДА БАЛАЕВА,  IV ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ХАТШЫСЫ
Көтеріліп жатқан мәселелердің бірі ұлттық құндылығымызды дәріптеу, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, сондықтан қоғамдық тәртіп мәселелері қарастырылып жатыр. Оның ішінде бала тәрбиесі, кітап саласының дамуы, өнер саласының дамуы.


Еділ Жаңбыршин мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жөнінде ұсыныс айтты.


Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Өздеріңіз білесіздер, Мәжіліске келген кейбір әріптестеріміз, министрліктегі. Мемлекеттік тілге өте, тіпті мемлекеттік тілде жауап бере алмайды. Мемлекеттік қызметші болса да. Сондықтан бірінші мемлекеттік қызметте тест тапсырады ғой. Бірақ, қандай балл есепке алыньайды. Соның нәтижесін есепке алынатын етуіміз керек.


Ал технологияның қарқынды дамуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанымен, қауіп қатері де жоқ емес. Жасанды интеллектің ықпалы күн санап артып келеді. Бұл мәселе де құрылтай мүшелерінің назарынан тыс қалмады.


Мереке Құлкенов, ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Сол жасанды интеллект біздің мәдениетке қалай келеді? Қандай форматта келеді? Біздің мәдениетіміз осыдан зиян көріп қалмай ма? Деген ойлар айтылуы керек деп ойлаймын.

 Қоғам пікірін жан жақты қамтып, жұмыстың тиімділігін арттыру үшін Ұлттық құрылтайдың құрамы жылда жаңарып отырады. Қатарға  енді қосылғандардың бірі Раиса Сайран Қадыр. Ұлттық мүдде жолында әріптестік орнатып, тың идеяларымен бөлісуге дайын.