Қоғамда туындайтын даулар мен кикілжіңдерді шешудің тиімді жолдарының бірі – медиация институты. Медиация – бұл екі немесе одан да көп тараптар арасындағы даулы мәселені сотқа жеткізбей, бейтарап делдал – медиатордың көмегімен шешу әдісі. Оның басты мақсаты – дауласқан жақтардың өзара тіл табысуына, келісімге келуіне жағдай жасау.


 Әсіресе, отбасылық кикілжіңдерді шешуде медиацияның рөлі айрықша. Бүгінгі таңда ажырасулардың көбеюі, бала тәрбиесіне байланысты дау-дамайлар, мүлікті бөлу секілді мәселелер жиі кездеседі. Мұндай жағдайда сот процесі тараптардың арасын одан сайын ушықтыруы мүмкін. Ал медиатор екі жақты да тыңдап, ортақ мүддені табуға көмектеседі. Бұл – ең алдымен отбасының тұтастығын сақтап қалуға, балалардың болашағын қорғауға бағытталған ізгі қадам.


Мамандардың айтуынша, медиация әдісі тек уақытты үнемдеп қана қоймайды, сонымен бірге жүйке мен қаржыны да сақтайды. Өйткені сотта айлар бойы қаралатын істі медиатордың көмегімен бірнеше күнде шешуге болады. Ең бастысы, тараптар бір-бірін түсінуге, өзара құрмет пен сенімді қалпына келтіруге мүмкіндік алады.


Бүгінде елімізде арнайы Медиация туралы заң қабылданып, кәсіби медиаторлар даярлануда. Әсіресе отбасылық кеңестер мен қоғамдық ұйымдар осындай тәсілді кеңінен насихаттап отыр. Өйткені дау сотта емес, келісім үстінде шешілсе – қоғамдағы татулық пен бірлікке де оң ықпал етеді.


 Сарапшылардың пікірінше, медиация – қазақ халқының көне дәстүрі билер институтымен астасып жатыр. Бұрын дауларды бітімгершілікпен шешу, елді жарастыру әдісі қолданылған. Сондықтан бұл тәсіл ұлттық құндылықтарымызға да сай келеді.


 Медиация – тек құқықтық құрал емес, ол – қоғамдағы тыныштықты, отбасындағы татулықты стауға бағытталған тиімді әдіс. Отбасылық кикілжіңдерді шешуде медиатордың көмегіне жүгіну – әр тарап үшін ең дұрыс әрі сындарлы жол.