«Қазақ әйелдері – шаңырақтың ұйытқысы ғана емес, ел экономикасының да қозғаушы күші. Нәзік жандылардың еңбегі арқылы еліміздің кәсіпкерлік саласы дамып келеді». Мегаполисте Іскер әйелдер кеңесінің 10 жылдығына арналған «Әйел кәсіпкерлердің үшінші өңірлік бизнес-форумы» өтті.
Форум аясында ұйымдастырылған көрме ерекше әсер қалдырды. Мұнда нәзік жандар өз қолымен жасаған бұйымдарын, ұлттық нақыштағы киімдерін, хош иісті майшамдарын, сәндік заттарын ұсынды. Жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырып, бизнес бағыттарын кеңейтудің тың тәсілдерімен бөлісті.
ЖАНЕРКЕ ӘДІЛОВА, КӘСІПКЕР
Біз осындай жәрмеңкелерге жиі қатысамыз. Қолөнеріміз – қазақтың салт-дәстүрінің көрінісі. Қазір оны заманауи түрде көптің назарына ұсынып жүрміз.
Алқалы жиынға «ASMAR» Қазақстан кәсіпкер әйелдері ұлттық қауымдастығының жетекшілері мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген бизнес-ханымдар қатысты. Қатысушылар саны 500-ден асты. Форумның басты мақсаты – әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, іскер әйелдер арасындағы тәжірибе алмасуды жолға қою және өңір экономикасының дамуына үлес қосқан кәсіпкер әйелдерді қолдау болды.
САБИРА АДАМБЕКОВА, КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Қалада 147 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінің 50 пайыздан астамы әйелдер. Олар жеңіл өнеркәсіп, сауда, креативті индустрия және өндіріс саласында белсенді жұмыс істейді.
Іс-шара барысында өңір экономикасына елеулі үлес қосқан белсенді қыз-келіншектер марапатталды. Сонымен қатар іскер әйелдерге арналған түрлі оқыту бағдарламалары, бизнес-тренингтер мен тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылды.