Үшінші мегаполисте Республика күніне арналған мерекелік шаралар басталып кетті. Бүгін қалалық жастар ресурстық орталығы белсенділерді біріктіріп, ұлттық мейрамды атап өтті.


Республика күні – елдіктің бастауы. Осындай атаумен өткен мерекелік жиын жас буынның патриоттық рухын көтеріп, отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған. Бұл – салтанатты думанның соңы емес. Елдік рухты дәріптеп, тәуелсіздіктің мәнін ұғындыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Мереке қарсаңында мекеме 35 түрлі іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.


ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ КММ БАСШЫСЫ

Орта арнаулы оқу орындарының арасында ертең волейболдан үлкен жарыс өтеді. Демалыс күндері, яғни 18–19 қазан күндері еліміздің тоғыз аймағынан 100-ден астам команданың қатысуымен республикалық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылады.


Мерекелік концертте еліміздің өткені мен бүгіні, тәуелсіздік жолындағы ерлік пен елдік мұрат кеңінен дәріптелді. Әуелеген әндер шырқалып, мың бұрала билеген қыздар кештің сәнін кіргізді. Көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған шара тәуелсіздік идеясының биік мәнін тағы бір мәрте айшықтады. Жиын барысында қоғамдық бастамаларға белсене атсалысып жүрген жастарға арнайы алғыс хаттар табысталды.


БАЛНҰР ҚАЗЫБЕК, Ө.ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚМПУ СТУДЕНТІ

Егемендік туралы декларацияның қабылдануына 35 жыл толуына орай осындай республикалық деңгейдегі іс-шараларға белсенді қатысып жүргеніме қуаныштымын.


Егемендігімізді ұлықтап, қазақи құндылықтарды насихаттап жүрген жастардың қатарында Өтеген Халенов те бар. Бүгінде белсенді студент түрлі челлендждер ұйымдастыруға ұйытқы болып жүр.


 ӨТЕГЕН ХАЛЕНОВ, «АВИЦЕННА» ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНА КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ

Біз осыған дейінгі қала жастарымен бірлесе қаншама жұмыстар атқардық.Солардың бірі егемендігіміз жайлы, тәуелсіздігіміз бен рәміздеріміз жайлы біршама челлендждерге атсалыстық.Және челлендждеріміз қазіргі таңда интернет арқылы өзінің үлесін қосып жатыр ойлаймын.


 Республика күні – ел бірлігі мен тұтастығын, тәуелсіздік пен бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын қастерлі мереке. Жастар ресурстық орталығы мұндай бастамалар арқылы азаматтық жауапкершілік пен елжандылық қасиетті қалыптастыруды көздейді.