Шардаралық Ұлболсын Елмұратова қол күресінен небәрі 16 жасында әлем чемпионы атанды. Білекті аруымыз 13 дүркін әлем чемпионы, словакиялық Луися Дебарнованы жеңіп, сенсация жасаған болатын. Белгияда өткен кіл мықтылар сайысында шағалалы өңірден тұңғыш рет бір әулеттің үш ұлы да чемпион атанды. Жалпы, Шардара ауданында 120-дан астам әлем чемпионы тұрады. Тақырыпты чемпиондармен тілдесіп қайтқан тілші тарқатады.


 Ұлболсын Елмұратова қол күресіне 11 жасынан қатысады. Үлбіреген ақ білегі бес жылда әбден қатайып, екі жауырыны қақпақтай, екі қолы тоқпақтай болды. Тәлімгерлерінің бірі — өз әпкесі. Ол да талай байрақты бәсекеде топ жарған. Апалы-сіңлі қыздардың қара күшті қажет ететін спортқа берген ата-анасы еш жаңылмапты.


ҰЛБОЛСЫН ЕЛМҰРАТ, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

Олар қолдады, бәріміз жаттықтық, әлем чемпионы бол деді. Қызығушылығым әпкем арқылы келді. Ең алғашқы жарысым - Мир кубогы болды. Ересектерден бірінші орын алдым. Финалға дейін жеткенім - жаттықтырушыларымның еңбегі. Жеңіл не ауыр деп бөлмейміз, бәріміз бір деңгейде жаттығамыз.


Сол дүбірлі додада шардаралық бір отбасының үш ұлы да әлем чемпионы атанды. Әділет пен Азамат Ибрагимовтар өз салмақ дәрежелерінде қарсылас шақ келтірмей, ел мерейін үстем етті. Ал 14 жасар Бекнұр жас жеткіншектер арасында 45 келі салмақ дәрежесінде тарихи жетістікке қол жеткізген. Ендігі арманы — ересектер арасында әлемдік додада топ жару.


БЕКНҰР ИБРАГИМОВ, ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

Менің қол күресіне қатысып келе жатқаныма 4 жыл болды. Осы уақыт ішінде Қазақстан чемпионы, кейін әлем чемпионы атандым. Ағайларымнан үйренгенім жарыста тек күш емес, бас пен техниканың, айла мен тәсілдің де шешуші рөл атқаратынын түсіндім.


 Шардара армрестлинг клубы құрылған 26 жылдың ішінде 120-дан астам әлем чемпионын, 327 Азия жеңімпазын тәрбиелеп шығарды. Тағы бір айта кетерлігі, қол күресінен 26 дүркін әлем чемпионы америкалық алып Джон Брзенкті жеңіп, елді әлемге танытқан Қыдырғали Оңғарбаев та осы залда жаттыққан. Кіл мықтыларды Арман Қарсыбаев тәрбиелеген.


 БАҚБЕРГЕН АМАНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ҚОЛ КҮРЕСІНЕН АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫ

Қыздар арасында 6 спортшымыз әлем чемпионы атанды. Ауыл жастарының қол күрес спортына қызығушылығы өте жоғары. Қазір облыстық чемпионатқа іріктеу жарыстарының өзінде жастар белсенді қатысып, Қазақстан чемпионатына жолдама алып жатыр.


Атағы алты алашқа белгілі спорт клубына бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар келіп жаттығады. Олар өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, білегі мықты қазақ спортшыларымен күш сынасады. Клубта 30-ға жуық жаттықтырушы бар.