Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңартылған Салық кодексі күшіне енеді. Құжат жүйені жеңілдетіп қана қоймай, салық салудың жаңа қағидаттарын енгізуді көздейді. Жаңа реформаны түсіндіру мақсатында Әл-Фараби аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында ашық есік күні ұйымдастырылды. Тұрғындар көкейдегі сауалдарын қойып, мамандардан кеңес алды.


Жаңа Салық кодексіндегі елеулі өзгерістердің бірі – прогрессивті салық шкаласының енгізілуі. Енді жылдық табысы 33 миллион теңгеге дейінгі азаматтар 10 пайыздық мөлшерлемемен салық төлесе, кірісі бұл межеден асатындар үшін 15 пайыздық көрсеткіш белгіленеді. Ал ай сайынғы табысы 140 мың теңгеге дейінгі жұмысшылар табыс салығынан толықтай босатылады. Ашық есік күніне келген тұрғындар салықтың жаңа қағидаттары туралы жан-жақты мәлімет алды.


ЛӘЙЛӘ МАКЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Көкейдегі маңызды сұрақтарыма толық жауап алдым. Біз үшін бұл – 2026 жылы енгізілетін Салық кодексіндегі өзгерістерге дайындық. Салық есебін дұрыс және ретімен жүргізу жолдарын білгіміз келеді. Осы бағыттағы түсіндірме жұмыстары пайдалы болды.


 Жаңартылған кодекс салықтық есептілікті 30 пайызға қысқартып, алым түрлерін 20 пайызға азайтуды көздейді. Ал цифрлық сервистерді енгізу арқылы жарна төлеу процесі жеңілдей түседі, – дейді мамандар.


 МҰХАММЕД СЕЙІТҚҰЛ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ М.А

Бүгінгі ашық есік күнінің негізгі тақырыбы – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін жаңа Салық кодексін түсіндіру. Құжаттағы басты өзгерістер – сараланған салық ставкаларының енгізілуі және қосылған құн салығының реформалануы.


Маңызды өзгерістер инвестиция тартуды ынталандырып, салық жүктемесін әділ бөлуге бағытталған. Сондай-ақ, қосылған құн салығының жаңа базалық мөлшерлемесі – 16 пайыз болып бекітілді.